Саакашвили партиядан шығып саясаттан біржола кетті

Бауыржан Мұқанов

Енді денсаулығына көңіл бөлмек

Михаил Саакашвили. Фото: © REUTERS

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили партиядан шығып, саясаттан кетті, деп хабарлады kursiv.kz «Имеди» телеарнасына сілтеме жасап.

Саакашвилидің адвокаты Валерий Гельбахианидың айтуынша, Саакашвили «Бірыңғай ұлттық қозғалыстан» кетіп барады және енді саясатпен айналыспайды.

Гельбахиани Саакашвилидің партиядағы ешкімге ешқандай шағымы жоқ екенін атап өтті. Ол енді денсаулығына қарайды, дейді адвокат.

Саакашвили Грузиядан кеткеннен кейін Украина азаматтығын алып, 2015-2016 жылдар аралығында Одесса облысының губернаторы қызметін атқарған.

Еске салайық, Саакашвили 1 қазанда отанына оралған соң ұсталған болатын. Грузия президенті Саломе Зурабишвили бірқатар қылмыстық істер бойынша сотталған бұрынғы президентті кешіру туралы шешім қабылдамайтынын мәлімдеген еді.

Оның үстінен шекараны заңсыз кесіп өткені үшін бұрынғы президентке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, банкир Сандро Гиргвлианиді өлтіру және депутат Валерий Гелашвилиді соққыға жығу істері бойынша сырттай сотталған.

Қазір экс-президент түрмеде қамауда отыр және түрме басшылығы дұрыс ем алуға мүмкіндік бермегендіктен екі рет аштық жариялаған.