Ол 2019 жылдан бері Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды
Орталық сайлау комиссиясы Ерлан Қошановты Мәжіліс депутаты етіп тіркеді.
«Қазақстандағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңның 12, 45, 46-баптарына, 97-1-бабының 5, 6-тармақтарына, 98-бабына сәйкес және Nur Otan партиясы қоғамдық бірлестігінің саяси кеңесі бюросының 2022 жылғы 31 қаңтардағы №002PQ қаулысынан үзінді көшірмеге сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы қаулы етеді:
- Мәжіліс депутатының бос мандаты Nur Otan партиясы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ерлан Жақанұлы Қошановқа берілсін.
- Ерлан Жақанұлы Қошанов Мәжіліс депутаты болып тіркелсін.
- Ерлан Жақанұлы Қошановқа белгіленген үлгідегі тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырылсын, – делінген ресми ақпаратта.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ
1962 жылы Қарағанды облысында туған. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірді. 1999 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдады. Институт бітірген соң Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесарі, шебері болып істеді.
1988-1990 жж. – жұмыскер және ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық жастар проблемаларының әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі.
1990-1995 жж. – Жезқазған облыстық комитетінің сыртқы экономикалық байланыс комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төрағасының орынбасары, төрағасы.
1995-1999 жж. – Сенат депутаты.
1999-2001 жж. – Парламенттегі үкімет өкілі.
2001-2003 жж. – Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары – Парламенттегі үкімет өкілі.
2003-2006 жж. – Көлік және коммуникация вице-министрі.
2006-2007 жж. – Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы.
2007-2012 жж. – Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары – Парламенттегі үкімет өкілі.
2012-2017 жж. – Премьер-министр кеңсесінің басшысы.
2017-2019 жж. – Қарағанды облысының әкімі.
2019 жылғы 18 қыркүйек күні Мемлекет басшысының жарлығымен Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.
«Парасат» (2013), «Құрмет» (2007) ордендерімен және мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Қазақ, орыс, неміс тілдерін меңгерген.