38 жастағы ер адамға қатысты қыз баланы «зорлау» және «өлтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Панфилов ауданындағы қайғылы жағдайға байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін Жаркент маңындағы Шолақай ауылында 15 жастағы қызды жергілікті тұрғынның зорлап, содан кейін өлтіргені туралы ақпарат тарады.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қылмысқа қатысы бар, бұрын сотталған 38 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Оның үстінен кәмелет жасына толмаған қыз баланы «зорлау» және «өлтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция тарапынан тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмысын мойындаған күдіктіге заң аясында қатаң жаза қолданылатын болады, – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ облыстың баспасөз қызметі жекелеген әлеуметтік желілерде қыз баланы ұлты басқа бірнеше азамат зорлап өлтірген деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Бұл жерде ұлтаралық мәселенің де еш қатысы жоқ. Қазір Панфилов ауданында жағдай тұрақты. Облыс әкімшілігінің, құқық қорғау органдарының бақылауында, - деді Жетісу облысы әкімінің баспасөз хатшысы міндетін атқарушы Думан Алтынбекұлы.