Интернет-алаяқтыққа байланысты 11 полиция бастығы жазаланды

Қанат Атаманов

Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Фото: ашық дереккөздерден

Бұл туралы Бас Прокурор міндетін атқарушы Болат Дембаев хабарлады.

Аталған санаттағы қылмыстарға қарсы іс - қимыл бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысын талдағаннан кейін Бас Прокуратура ІІМ-нің атына заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде полицияның аумақтық бөлімшелерінің 11 бастығы бар, - деп хабарлады Дембаев «Ақ жол» партиясы депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, Бас Прокурордың бірінші орынбасарының төрағалық етуімен 12 шілдеде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша Жол картасының іс-шараларын іске асыру мәселелері бойынша жұмылдырылған органдар басшыларының қатысуымен ведомствоаралық кеңес өткізілді.

«Кеңес қорытындысы бойынша, уәкілетті органдарға сотқа дейінгі тергеу сапасын жақсарту, сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, оның ішінде интернет-алаяқтық және телефон алаяқтықтары бойынша ақпараттық - алдын алу жұмыстарын жандандыру туралы тапсырмалар берілді», - деп толықтырды ол.

Депутаттардың сауалында көрсетілген қылмыстық істерге қатысты Болат Дембаев төрт іс бойынша (Қызылорда облысы – Махамбетов пен Досқали; Ақмола облысы – Лейрих; Алматы облысы - Бостанжиева) тергеу мерзімдері қайта басталғанын, ал іс бойынша (Алматы – Керімқұлова) мерзімдерді тоқтату туралы қаулыны келісуден бас тартылғанын хабарлады.

«Прокурорлар екі қылмыстық іс бойынша (Алматы және Қызылорда облыстары) тергеуді әуре-сарсаңға салғаны үшін кінәлі адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы қадағалау актілерін енгізді. Қазір олар қаралуда. Қалғандары бойынша істің барлық мән-жайларын жан-жақты зерттеу үшін нақты тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулар берілді. Интернет-алаяқтықтар мен телефон алаяқтықтарына қарсы іс - қимыл жалғасуда және ерекше бақылауда», - деп сендірді Болат Дембаев.