Halyq Uni логотип
×

Президент жарлығынан кейін Павлодар облысында 322 штат қысқартылды

Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовтың екі орынбасарының штаты қысқарған

 Айгерім Таубай 30.07.2022 | 16:11
Президент жарлығынан кейін Павлодар облысында 322 штат қысқартылды
Фото: Halyq Uni

Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақовтың қазір үш орынбасары бар. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін өңір басшысының екі бірдей орынбасарының штаты қысқарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Павлодар облысы әкімі орынбасарының екі штаты қысқартылды. 2022 жылдың наурызында Сәкен Шаяхметов пен шілдеде Динара Шаймұратованың лауазымы қысқарды, - делінген ақпаратта.

Бұған дейін Сәкен Шаяхметовтің қызметінен өз еркімен кеткені хабарланды. Ол өнеркәсіп, инновациялық-индустриялық даму, кәсіпкерлік және цифрландыру мәселелеріне жетекшілік етті. 32 жастағы Шаяхметов кейінгі екі жылда Павлодар өңірінде еңбек етті. Сол жылдары ерекше образдары арқылы көпшіліктің есінде қалды. Сондай-ақ оның Халық банкі басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың ұлы екіні белгілі.

Ал 2021 жылдың сәуірінде әкім орынбасары қызметіне кіріскен Динара Шаймұратова өңірдегі экономика және қаржы саласына жауапты болды. Енді қызметінен кеткен екі орынбасардың міндетін әкімнің қалған үш орынбасары атқарады.

Сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігі ресми сауалға жолдаған жауабында жергілікті атқарушы органдарда штаттың 15%-і, яғни 322 орын қысқарғаны айтылған. Бұл қысқарту ҚР президентінің 2021 жылдың 28 шілдесіндегі Жарлығына сәйкес жүргізілген.

«Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің штат санының лимиттерін оңтайландырудың кейбір мәселелері туралы» президент жарлығына сәйкес, мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын органдардың штат санының лимитін 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін 15 пайызға қысқарту қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы әкімі аппаратында президент жарлығына сәйкес 15 штат қысқартылғаны хабарланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама