Halyq Uni логотип
×

Болат Назарбаев денсаулығына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылмай ма – заңгер жауабы

Бұған дейін Болат Назарбаевтың денсаулығы нашарлағаны хабарланды

 Айгерім Таубай 30.07.2022 | 17:30
Болат Назарбаев денсаулығына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылмай ма – заңгер жауабы
коллаж: Халық үні

Жуырда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі – Болат Назарбаевтың денсаулығына қатысты мәлімет тарады. Болат Назарбаевтың сөйлей алмайтыны және өзі қозғала алмай қалғаны белгілі болды. Содан кейін әлеуметтік желі қолданушылары денсаулығына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды десе, енді бірі Назарбаевтың сырқатына сенбеді. Halyq Uni тілшісі денсаулығы нашарлаған азаматтың жауапқа тартылуына қатысты қандай норма бар екенін білді.

ШЕШІМДІ СОТ ШЫҒАРАДЫ

Заңгер Абзал Құспанның айтуынша, алдымен қылмыстық іс қозғалған азаматтың денсаулығына дәрігерлер баға беруі қажет. Содан кейін ғана жазаны жеңілдету немесе жазадан босату жағы қаралады.

«Болат Назарбаевқа және сыбайластарына қатысты Алматы қаласының экономикалық тергеу департаменті «рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Оны қаржы мониторингі агенттігі де растады. Ал Болат Назарбаевтың журналистер арқылы ауырып жатқанын көрсетуге тырысуы жазадан құтылуға негіз бола алмайды. Бұл жерде оның ауруының сипаты белгісіз болып тұр. Егер дәрігерлер берген қандай да бір қорытынды қағазы болса, жазадан жалтаруға негіз бола ма, жоқ па, айтуға болар еді», - дейді заңгер.

Айтуынша, денсаулығына байланысты жазадан босату немесе жазаны жеңілдетуді тек сот шешеді.

«Қалай болса да, қозғалған қылмыстық іс тергеліп, іс сотқа барып, ауруына байланысты жазадан босату немесе неғұрлым жеңіл жаза тағайындауды тек сот шешеді. Қандай аурумен ауырса да, қылмыстық істің тергелуіне кедергі бола алмайды», - дейді Абзал Құспан.

Ал заңгер Айыпхан Мұхамадиев кейінгі кезде тұңғыш президенттің туыстарына қатысты ақпарат көп тарап жатқанын айтты. Алайда бірнеше ай өтсе де, қаржы мониторингі агенттігі Болат Назарбаевқа қатысты ресми ақпарат бермей отырғанына қапалы.

«Қазір Болат Назарбаевтын денсаулығының күрт нашарлағаны жайлы ақпарат тарап жатыр. Әрине, қылмыстық кодексте ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату жайлы норма бекітіліп, ауру тізбесі көрсетілген. Алайда кез келген азаматты қылмыстық жауапкершілікке тартуды немесе босатуды осы істерді тергеп, сот ісін жүргізетін органдар қолындағы құжат негізінде шешеді», - дейді Айыпхан Мұхамадиев.

НАУҚАС ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛАДЫ?

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 75-бабында ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату нормалары бекітілген.

Бұл баптың 1-бөлігінде психикасы бұзылған адамды сот жазадан босататыны көрсетілген. Ал жазасын өтеп жатқан адамның психикасында өзгеріс байқалса, сот оны одан әрі жазасын өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.

Ал екінші бөлігінде жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босататыны айтылған. Сондай-ақ сырқатына қарай, жасаған қылмыстық құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай, сотталған адамның жеке басы мен басқа да мән-жайды ескеріп, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.

Баптың үшінші бөлігінде бiрiншi және екiншi бөлігінде жазасы жеңілдетілген немесе жазадан босатылған адамдар сауыққан жағдайда, қылмыстық жауапқа тартудың немесе айыптау үкімінің мерзімі өтіп кетпесе, қылмыстық жауапқа тартылатыны айтылған.

БОЛАТ НАЗАРБАЕВҚА ҚАНДАЙ ДИАГНОЗ ҚОЙЫЛҒАН?

Болат Назарбаев 2015 жылдан бері онкологиялық аурудан емделіп жүр. Сол жылы Назарбаевқа трансплантация жасалды. Алайда ауруына ауыр дәрежедегі қант диабеті қосылған. 2021 жылы дәрігерлер тағы бір диагноз қойды –  ларингиалды қатерлі ісік. Болат Назарбаевқа 2021 жылы 29 шілдеде Германияда ота жасатқан, алайда сол сәттен бастап жағдайы асқынған. Содан кейін Назарбаев біраз уақыт комада жатты.

Туыстарының айтуынша, шетелдегі емнен пайда болмаған соң, жарты жыл бұрын Қазақстанға қайту туралы шешім қабылдаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама