Маңғыстауда бір ай бұрын тағайындалған әкім орынбасарының штаты қысқартылды
Облыс әкімдігі аппаратында штат саны өзгермеген және ешкім қызметінен босатылмаған
Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың орынбасарларының бір штаты қысқарды. 2022 жылдың маусымында облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне кіріскен Бекбол Орынбасаров бас маман қызметіне ауыстырылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Halyq Uni ақпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
«Маңғыстау облысы әкімінің 5 орынбасары 4 штатқа қысқарды. Облыс әкімі орынбасарының бір штаты орындаушы лауазымға ауыстырылды», - делінген ақпаратта.
Ал қызметі қысқарған облыс әкімі орынбасарының функционалдық міндеттері облыс әкімінің бірінші орынбасарына жүктелді.
Сондай-ақ облыс әкімдігі аппаратында штат саны өзгермеген және ешкім қызметінен босатылмаған.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы Жолдауында облыс әкімдігі аппаратында мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру туралы тапсырма берді. Содан кейін Түркістан облысы әкімдігінде 15 штат қысқартылғаны хабарланды. Оның ішінде әкім орынбасарының бос тұрған штаты да қысқартылған.
Ал елорда әкімі Алтай Көлгіновтің екі орынбасары қысқартылды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің төрт орынбасары қызметін жалғастырып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің қазір бес орынбасары бар. Әкімдікте екі орынды қысқарту жоспарланған.