Әкімдіктер жол сапасын бақылай алмай отыр – Дидар Смағұлов

Халық үні

Қостанай облысы бойынша жол сапасы туралы шағымдар 15 тамыздан бастап қабылданады

фото: Наша газета

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қостанай облысындағы жолдардың сапасын бақылаумен айналысады. Тұрғындардың жол сапасы туралы шағымдары 15 тамыздан бастап қабылданады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, акцияның мақсаты – Қазақстанның кез келген азаматы бюджет қаржысының сапалы игерілуінен хабардар болуы.

Жолды жөндеу бойынша әрбір учаскеге мердігер сапасы бойынша 5 жылға дейін кепілдік береді. Алайда оларға тиісті бақылау жүргізілмейді. Шенеуніктер алдында мәселе көтерсек те, олар барлық жолға қатысты кепілдік бере алмайды. Бұл әкімдікте тиісті бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Мұның объективті себебі бар шығар, сондықтан біз азаматтарды бірге мониторинг жүргізуге шақырамыз. 15 тамызға дейін Қостанай облысында кепілдік берілетін барлық жолдың тізімі жарияланады. Қостанайлықтарды жолдың жағдайын бақылауға шақырамыз. Азаматтардан түскен өтініштерді өңдеп, оны әкімдікке жібереміз. Содан кейін жағдайды түзетуін талап етеміз, - деді Смағұлов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ бірлестіктің атқарушы директоры былтыр Қазақстан жол сапасы бойынша 138 елдің ішінде 108-орында болғанын айтты. Оның пікірінше, бұл мәселені Қытай тәжірибесін енгізу арқылы шешуге болады.

«Егер құрылыс аяқталған соң бір жылдан кейін жолда шұңқыр пайда болса, онда сыбайлас жемқорлықтың бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ. Мердігер бірден қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер Қазақстанда осындай тәсілді енгізсек, жағдай жақсарар еді. Бұл шара талқыланып жатыр. Әрине, мұндай тәсілді дәл қазір енгіземіз деп айтпаймын. Бірақ бұл мәселені біз күн тәртібіне қойып отырмыз», - деп толықтырды ол.

Айта кетейік, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2020 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» атты екінші бағытын қолдау мақсатында құрылды. Қазір Қазақстанның 17 өңірінде филиалы бар.

«Біздің ұйым үкіметтік ұйым емес, біз мемлекеттік тапсырыстан ақша алмаймыз, жеке көзден қаржыландырылады. Бірлестік ел президенті бастамаларын қолдау мақсатында құрылды. Оның бағдарламасында мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі реформалар қамтылған тармақ болды. Біз бұл тәсілді дұрыс деп санаймыз. Біз бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейміз: мемлекеттік органдармен байланысты күрделі құқықтық жағдайларға тап болған азаматтарға тегін кеңес береміз, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргіземіз, өйткені ол жерде әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалады», - деп қорытындылады Дидар Смағұлов. 

Биыл «Әділдік жолы» өтініші бойынша Қазақстанда 310 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.