Әйел орманнан 25 мың доллардың алмазын тауып алды
Ол қымбат тасты сатып, екі қызының үйлену тойын жасамақ
Үндістанда орманға отын жинауға барған әйел 25 мың доллардың алмазын тауып алды, деп хабарлайды New York Post.
Мадхья-Прадеш штатындағы ауылда тұратын Дженда Баи күтпеген жерден үлкен олжаға кенелді. Ол алмаз тауып алғанын бірден түсінбеген. Әйел орманнан тауып алған тасты алдымен күйеуіне көрсеткен. Алайда олар тас қымбат тұрады деп ойламаған.
Оларға жергілікті зергер Ануп Сингх көмектесті. Алмаздың салмағы – 4 карат, құны – шамамен 25 мың доллар (11 млн 950 мың теңге).
Тозған үйде тұратын отбасы алмазды аукционға шығармақ. Осылайша, олар қаржылық мәселесін шешуге ниетті, - деп жазды New York Post.
Әйелдің 6 баласы бар. Ол алмазды сатудан түскен ақшаға үйін жөндеп, 2 қызының үйлену тойын жасауды жоспарлап отыр.