Ресейге жұмыс іздеп кеткен отандасымыз табылды

Дастан Жұмабекұлы

46 жастағы азамат анасы уайымдамасын деп ешкіммен хабарласпаған

фото: polisia.kz

Ресейге жұмыс іздеп кеткен отандасымыз табылды.

Бұл туралы polisia.kz хабарлады.

Түркістан облысының 46 жастағы тұрғыны Ресейге жұмысқа кетіп, бір жыл бойы қайта оралмаған. Ол туыстарының ешқайсымен байланысқа шықпаған соң анасы бір айдан астам уақыт іздеп көрген. Алайда өз бетінше іздеуден еш нәтиже шықпаған. Содан ол полицейлерге хабарласып, баласын тауып беруді өтінген.

Осыдан кейін Түркістан қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметкерлері із-түссіз кеткен азаматты іздеуді бастап, әуелі облыс көлемінде, одан соң республикасы бойынша бағыттамалар беріп, іздеген. Олар жоғалған азаматтың Ресейге кетуі мүмкін деген болжамды да ескеріп, сол жақтағы елшілік пен тәртіп сақшыларына хабарлама жібереді.

Соның нәтижесінде, полицейлер жоғалған орта жастағы азаматты бірнеше күнде тапты. Белгілі болғандай, жоғалған ер азамат Ресейде жұмыс істеуге барып, абайсызда аяғын сындырып алған. Содан бері жұмыссыз жатқан. Сондай-ақ, азамат өз сөзінде анасы уайымдамас үшін оған хабарласпағанын айтты. Қазір 46 жастағы азамат үйіне қайтарылды. Ұлымен аман есен қауышқан ана іздестіруге көмектескен көші-қон қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.