Ұлытау облысында ауыз судан құрт шықты (ВИДЕО)
Қазір тұрғындар тоғаннан келетін суды ішіп отыр
Ұлытау облысы Қарсақпай кентінде ауыз судан құрт шықты. Ауыл тұрғындары бұл мәселеден судың сапасына жауапты мекеме хабардар екенін, алайда ешқандай шара қолданбай отырғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, ауыз су үйлерге су сақтау қондырғысынан келеді.
Құртты қараңдар! Байқаңдар, қайнатып ішіңдер. Суды сүзіп, амалын табыңдар, - дейді суды видеоға түсірген ауыл тұрғыны.
Қарсақпай ауыл әкімі Аян Абжамаловтың айтуынша, су сапасына «Қарсақбай металлургиялық зауыты» жауапты. Олар суды ашық су көзінен, яғни тоғаннан алып, сүзгіден өткізеді. Кейін хлорлап халыққа таратады.
«Қазір суды жер астынан тарту үшін арнайы жер белгіленіп, бастапқы құжаттары рәсімделіп жатыр. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін қаражат сұрауға өтінім беріледі. 2023 жылы ішкі су құбырлары пластмассаға ауыстырылады. Судан құрт шыққанына келсек, су қай жерден алынғаны және қандай ыдысқа құйылғаны белгісіз. Қазір ауыл ақсақалдары су жіберетін мекемемен бірлесіп жиын өткізгелі жатыр», - Қарсақпай ауылының әкімі.
Өңірдегі сараптама орталығы су сапасын бақылау үшін сынама алды. Әкімдік сынама қорытындысын күтіп отыр. Ал тұрғындар суды жер астынан тартатын құрылыстан үмітті.
Әйгерім XАМИТ, Ұлытау облысы