Жас таланттардың конкурсы осымен үшінші рет өтті
25-29 шілде күндері Қырғыз Республикасының Қаракөл қаласында жас таланттардың арасында өткен «KGтай» халықаралық байқау-фестивалінде Нұржайна Таубалды есімді мектеп оқушысы бас жүлдені жеңіп алды.
Бұл туралы Қостанай облыстық мәдениет басқармасының директоры Ерлан Қалмақов хабарлады.
Сүйінші, достар! Қырғыз елінде өткен «KGтай» халықаралық байқау-фестивалінде Қостанай облысы, Арқалық қаласының кішкентай әншісі Нұржайна Таубалды бірінші орынды жеңіп алды! Байқаудың «Вокал» номинациясында өнер көрсеткен өнерпазымыз қазылар алқасының, көрермендердің жоғары бағасына, ыстық ықыласына ие болды. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен байқауға аттанған Нұржайна сенімнің үдесінен шығып, елдің абыройын асқақтатты! Құттықтаймыз!, – деді ол.
Байқау-фестиваль осымен үшінші рет жалауын желбіретті.