Өзбекстан Ресейге алданып, Украинамен соғысқандар сотталатынын ескертті
«Жұмысқа» барғандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады
Өзбекстан билігі Украинаға қарсы соғысқа қатысатын ел азаматтарын түрме күтіп тұрғанын ескертті.
Бұл туралы The Moskow Times порталы хабарлады.
Ескерту елдің Ресейде тұратын азаматтарын жоғары жалақылы жұмыстарға шақырған жарнамаларға алданып, Украинаға барып соғысып жүрмеуден сақтандыру үшін жасалып отыр.
Өзбекстанның сыртқы еңбек миграциясы агенттігі республика заңнамасы бойынша жалдамалы әскер болған адамның бес жылдан он жылға дейін сотталатынын еске салды.
Бірқатар жаңалықтар телеарналары қазір Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын Ресейдегі жоғары жалақылы жұмысқа шақырған хабарландыруларды таратып жатыр. Бұл хабарландырулардың негізгі мақсаты - Ресей мен Украинаның соғысу аймағына азаматтар тарту. Осыған байланысты біз өз отандастарымызды шетелден жұмыс ұсыну жөніндегі мұндай ресми емес хабарландыруларға сенбеуді сұраймыз, – делінген хабарламада.
Бұдан бұрын «MediaHub» журналистік зерттеулер орталығы өзбектер мен қырғыздарды Украинадағы соғысқа алдап апару «Вагнер» жеке әскери компаниясы арқылы жүргізілетінін жариялаған болатын. Осы үшін әлеуметтік желілерде жеке күзет кәсіпорнына адам алынатыны туралы хабарландыру жариялайды. Оған баруға талап етушілерге 100 мың рубль айлық пен Ресей азаматтығын беру уәде етіледі. Алайда, іс жүзінде олар Ресей қорғаныс министрлігінің мүддесін қорғау үшін Украинаға аттандырылады. «Жұмысқа» баруға келіскендерге Краснодар өлкесіндегі Молькино хуторына жиналу тапсырылады.
Өзбекстан мен Қырғызстан ресми түрде Украинадағы соғысқа бейтарап позиция ұстанып отыр.
Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметіне қарағанда, Ресейде қазір Орталық Азиядан келген 4 миллион адам жұмыс істеп жатыр. Олардың 2 миллионы – Өзбекстан, 1 миллионы – Тәжікстан, 1 миллионы – Қырғызстан және 200 мыңы – Қазақстан азаматтары.