ЛГБТ өкілдерінің намысына тиюде: «Маймыл шешегінің» атауын өзгерту ұсынылды
Көптеген жағдайда вирус гейлер, бисексуалдар және ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін басқа ер адамдар арасында таралуда
АҚШ-тағы Нью-Йорк қаласының Денсаулық сақтау комиссары Эшвин Васан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Гебрейюске хат жазып, «маймыл шешегі» ауруының атауын өзгертуді өтінген. Бұл туралы Васан өзінің Twitter әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
Оның пікірінше, бұл атау стигматизация болып табылады және бірқатар нәсілдердің, соның ішінде қара нәсілдердің, сондай-ақ ЛГБТ қауымдастығының өкілдерінің намысына тиеді және олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Біз бұл вирустың маймылмен байланыстырылуы осал қауымдастықтар үшін жойқын стигматизациялық әсері бар екенін көріп жүрміз. Көптеген сарапшылар қоғамда бұл терминологияның түрлі-түсті қауымдастықтармен байланысты деген пікір қалыптасқанына алаңдаушылық білдіруде, - деп жазды Васан.
Комиссар қазір әлемде таралып жатқан вирус жұрт ойлағандай алғашында маймылдарда пайда болмағанын және тек приматтарды зерттеу кезінде індеттің анықталғанын еске салды. Сол себепті де ауру осылай аталып кеткен. ДДСҰ басшылығы «маймыл шешегінің» атын өзгертуге келісті.
Эшвин Васанның пікірінше, адамдар «маймыл шешегі» терминін дұрыс түсінбегендіктен медициналық көмекке жүгінбеуі мүмкін. Ол COVID-19 пандемиясы кезінде азиялықтар мен Тынық мұхиты аралдарының тұрғындарына деген жеккөрушілік орын алғанын айтады. Маман денсаулық сақтау саласында қолданылатын тіл маңызды екенін атап өтті.
«Біз бұл стигматизацияның салдары «маймыл шешегі» терминімен байланысты ушығуы мүмкін деп қорқамыз. Көптеген жағдайда вирус гейлер, бисексуалдар және ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін басқа ер адамдар арасында таралуда. Яғни, стигматизация мен зорлық-зомбылыққа көп ұшырайтын қоғамдастықтың бөлігі жапа шегуде», - деп түсіндірді Эшвин Васан өзінің өтінішін.
Біз бұған дейін Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Қазақстанда «маймыл шешегінің» таралу қаупі аз деп айтқаны туралы жазған болатынбыз.