Шымкентте Өзбекстаннан келген қандастың мәйіті табылды

Назерке Еркінбекқызы

Полиция «өзін-өзі өлтіру» бабы бойынша іс қозғады, алайда марқұмның ата-анасы ұлының кісі қолынан қаза тапқанына сенімді

фото: ашық дереккөз

Шымкентте 21 шілдеде Өзбекстаннан келген қандастың мәйіті құрылысы аяқталмаған ғимараттан табылды. 23 жастағы марқұм Нұрдәулет Алданазаровтың ата-анасы ұлының атамекенге 4 ай бұрын ғана оралғанын айтады. Содан бері такси жүргізушісі болып жүрген жігіт 20 шілдеде үйіне оралмаған.

Үйіне күнделікті уақытында қайтпаған соң жігіттің ата-анасы бірден полицияға хабарласқан. Содан кейін полиция марқұмның көлігін видеобақылау арқылы тапқан, алайда жақындары іздеп жатқанына қарамастан, тоқтатпаған.

Енді марқұмның туыстары жігіттің өліміне полицияны кінәлап отыр. Олардың айтуынша, сол кезде ұлының көлігін тоқтатса, жігіт аман қалар ма еді...

Полицияға барғанда ұлымыздың көлігін бейнебақылау камерасы арқылы көрдік. Кешкі сегізден түнгі он екіге дейін жүріпті. Тоқтатып, алып келуін өтіндік. Бірақ олар ештеңе істемеді. Содан кейін өзіміз іздеуге кірістік. Шымкентті аралап шықтық, бірақ еш жерден таба алмай, таңертең үйге келдік. Түстен кейін полициядан «ұлыңыз асылып тұрған жерінен табылды» деген хабар келді, - дейді марқұмның әкесі Нұрғиса Алданазаров.

Марқұмның анасы ұлының кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Себебі мәйітін көргенде денесінің көгергенін, терісі сыпырылғанын байқаған. Киімі де жыртылған. Жақындары ұлының соңғы видеосын да тапқан, ол жерде марқұм Нұрдәулет басқа жігіттермен бірге жүрген.

«Видеоны бір жерден таптық. Ол жерде ұлымның жанында 5 жігіт бар. Қолдарында ішімдік бар. Меніңше, олар ұлымның көлігіне мініп, бүкіл қаланы аралаған. Қолындағы ұялы телефонын да алып қойған сияқты. Әйтпесе ұлым ұялы телефонын ешқашан өшірмейтін. Маған «10 минутта келемін» деді, содан кейін телефоны өшік тұрды. Бір жамандықтың болғанын содан білдім», - дейді жігіттің анасы Бейсенгүл Қалжаева.

Әйел баласын екі рет буындырған деп ойлайтынын айтты.

Олар бір байдың баласы шығар. Олай болмаса, кінәліні бір күнде табатын еді. Бір қылмысының үстінен түсті ме екен, кім біледі? Баламның мойны да тілінген. Оны екі рет буындырған сияқты. Себебі арқанның екі ізі тұр, - дейді анасы.

Қазір Нұрдәулет Алданазаровтың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы («өзін-өзі өлтіру») бабы бойынша іс қозғалды. Алайда ата-анасы бұған келіспейді. Олар полициядан қылмыскерді табуын сұрады. Олардың айтуынша, марқұмның автокөлігіне де сараптама жасалмаған.