×

ҰБТ-дан ең жоғары балл алған атыраулық түлек Кореяда оқитын болды

Осы уақытқа дейін ол бірнеше халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанған

 Динара Амантай 28.07.2022 | 16:54
Коллаж: Halyq Uni

Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының түлегі Ризабек Алпамыс Оңтүстік Кореядағы Ulsan National Institute of Science and Technology (UNIST) университетіне оқуға түсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Сонымен бірге ҰБТ-дан ең жоғарғы 132 балл жинаған ол Оңтүстік Кореяның екі алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеу және технология университеті мен Гонконгтағы ғылым және технологиялар университетінен шақырту алған.

Ризабек осы уақытқа дейін бірқатар халықаралық білім сайыстарын қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Атап айтқанда, ол 2021 жылы Еуропалық физика олимпиадасынан күміс медаль, биыл Азия олимпиадасынан қола медальді қанжығасына байлаған. Бұған қоса 2021-2022 жылдары халықаралық физика олимпиадасынан екі дүркін күміс медаль иегері атанды. Биыл О.Жәутіков атындағы халықаралық олимпиададан да алтын медаль иемденген.

Мақсатым – жаңа технологияларды ойлап табуға өз үлесімді қосу. Қазақстандағы ғылым мен техника саласын дамытуға ат салыссам деген ойым бар. Бос уақытымда бағдарламалар құрастырғанды, футбол ойнағанды жақсы көрем. Бірақ уақытымның көбін ғылыммен айналысуға арнаймын, – дейді болашақ ғалым.

Айта кететін жайт, Ulsan National Institute of Science and Technology оқу ордасы білім деңгейі бойынша әлемдегі ең мықты 200 университеттің қатарына кіреді. Енді бұл университетте Ризабек Алпамыспен қатар халықаралық додаларда оза шауып жүрген Нұрдаулет Хаженов, Әділ Султанов, Әділет Зауытхан есімді атыраулық түлектер де білім алады. Дүниежүзі бойынша небары 15 түлекке берілетін гранттың төртеуін атыраулықтар иеленіп отырғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама