Алматыда белсенділер сайлау туралы заңға өзгеріс енгізуге қарсы шықты
Заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы 8 шілдеде ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды
Сайлау туралы заңға енгізілетін өзгертулерге наразы азаматтар Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді. Оған қоғам қайраткерлері Рысбек Сәрсенбайұлы, Балташ Тұрсымбаев, журналист Ермұрат Бапи, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова және саяси белсенді Әлнұр Ильяшев қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Балташ Тұрсымбаевтың айтуынша, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев отыз жыл бойы дауыс «ұрлаған». Қазір де демократияға ешқандай бетбұрыс жасалмай отыр.
Назарбаев отыз жыл бойы халықтың дауысын «ұрлады». Бір де бір әділ сайлау өткен жоқ. Мен қате айтсам, түзетсін. Сайлау туралы заңға енгізілетін өзгерістерге қарасақ, ол бұрынғыдан да сорақы. Бақылаушыларды сайлауға кіре алмайтындай еткен. Қазір парламентте «Amanat» партиясы отыр. Олар осы заңды қабылдайды. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін билік ойлануғатиіс. Ойланбаса, Қаңтар оқиғасы қайталанады, - дейді Тұрсымбаев.
Арайлым Назарова тәуелсіз бақылаушыларды аккредитациядан өткізу әділ сайлаудың жолын жабу деп есептейді.
«Заңда сайлауға дайындық және оны өткізу кезінде шетелдіктер араласпайтыны айтылған. Сонда шетелдік бақылаушыларды қайда жібереміз? «Оларды кіргізбейміз бе?» деген заңды сұрақ туады. Сайлау туралы заңның 12-бабында Орталық сайлау комиссиясының құзыретікеңейтіледі, оған қосымша үш құзырет қосады. Орталық сайлау комиссиясы тәуелсіз бақылаушыларды аккредитациядан өткізу тәртібін дайындайды. Өздері аккредитациядан өткізеді», - дейді Назарова.
Арайлым Назарованың сөзінше, орталық сайлау комиссиясы сайлау, референдум кезіндегі сатып алу қағидаларын дайындайды. Соған байланысты сайлауға қатысты мемлекеттік сатып алу туралы ақпарат жарияланбайды.
Яғни, сайлауға бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын мемлекеттік сатып алу порталынан көре алмаймыз. Бізде мемлекеттік сатып алу заңы бар. Ол сол заң аясында реттелуі керек. Тәуелсіз бақылаушыларды аккредитациядан өткізу – әділ сайлаудың жолын жабу. Сайлау туралы заңға енгізілгелі отырған өзгерістер демократияға деген жолды жабу. Билік ешкімді қатыстырмай сайлау өткізгісі келеді. Бұл сайлау туралы заң бұрынғысына да нашар, - дейді Назарова.
Рысбек Сәрсенбайұлы заңға енгізілетін өзгерістерді талқылаудан алып тастауды сұрады.
«Әділет министрлігі ұсынып отырған мына заңда комиссия мүшелері сайлау процесіне кедергі келтірген жағдайда бақылаушыны сыртқа шығарып жіберуге құқылы дейді. Ал ол комиссия мүшелері кімдер? Олар сол билік партиясының өкілдері. Әділет министрлігі ұсынылып отырған бұл заң талқылаудан алынып тасталуы керек. Заңды парламентке ұсынудың қажеті жоқ. Оның орнына Сайлау туралы заң қайта қаралып, адам құқығы шектелетін тұсы алынуы қажет», - дейді ол.
Ермұрат Бапидің пікірінше, заңды қоғамдық талқылаудан өткізудің уақытын созу қажет. Себебі қазір білікті мамандардың көбі демалыста жүр.
«Бүгін қоғамдық талқылау бітті. Сондықтан бірінші кезекте біз қоғамдық талқылау уақытын күзге дейін созуды талап етуіміз керек. Себебі қазір білікті маманның көбі жазғы демалыста жүр. Күзде басталатын парламенттің сессиясында бұл заң жобасы талқыланады. Егер бұл заң ешқандай өзгеріссіз парламентке жіберілсе, онда біз Қазақстанда толқу туғызуымыз қажет. Қарсылық акцияларын бастап, митинг өткізуіміз керек. Бұл заң қазіргі биліктің өзін-өзі сақтап қалуға арналған жалғыз ғана тетігі. Егер біз бұл заңды осы күйінде өткізіп жіберсек, біздің партия құру, сайлауға қатысу барлығы бекер болған», - дейді Бапи.
Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы 8 шілдеде ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды және 20 күнге қоғамдық талқылауға шығарылды.
Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы