«ҚазАвтоЖолдың» Түркістан облысындағы филиал директоры жұмысынан кетті
Өңірдегі жол сапасына байланысты шағымдар көбейді
Түркістан облысы тұрғындарының жол сапасына қатысты шағымынан кейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның өңірлік филиалының директоры қызметінен босатылды. Бұл туралы ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ел тұрғындарынан болған сынға байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының директорын қызметінен босату туралы шешім қабылданды. Қоғам төрағасының орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен қатар жолдарды күтіп ұстау сапасын тиісінше бақыламағаны үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өңірлік филиал басшысына қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданды, – делінген хабарламада.
Бұған қоса қазір бетон плиталарының көтерілуін тоқтату бойынша шаралар қабылданғаны белгілі болды. Сондай-ақ микросюрфейсинг төсеу жұмыстарын уақытша тоқтату шешімі қабылданды. Бұдан бөлек, цемент-бетон плиталарының арасын кеңейтетін температуралық тігістер күнделікті тексерілетін болды.
«Айта кету керек, аталған мәселе ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің ерекше бақылауында. Плиталардың өзгерген орындарында талдау жүргізілді. Соның негізінде тиісті бұйрықтар берілді. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – мұндай фактілердің қайталануына жол бермеу», – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, биыл 8 маусымда «Самара – Шымкент» тасжолының «Қызылорда – Шымкент» ақылы учаскесінде цемент-бетон плитасы көтеріліп кеткен еді. Жол ортасындағы үлкен плиталар ажырап, көліктердің жүруіне кедергі тудырған.
Кейіннен республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автожолының Түркістан қаласы Темірлан ауданы маңындағы бөлігінде цемент-бетон плитасы тағы көтерілген.