Halyq Uni логотип
×

Петропавлда құдықтан алынған су лапылдап жанып жатыр

Жергілікті тұрғындар бірнеше күннен бері бақшадағы өнімін суара алмай отыр

 Самат Жақып 28.07.2022 | 09:42
Петропавлда құдықтан алынған су лапылдап жанып жатыр
Halyq Uni / Samat Zhaqyp

Солтүстік Қазақстан облысында құдықтан алынған су лапылдап жанып жатыр. Мұндай жағдай Петропавл қаласы маңындағы саяжалардың бірінде тіркелді. Тұрғындар оған құдыққа жақын жердегі жанар-жағармай құю бекетінің қатысы бар деген болжам жасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, осыдан он шақты күн бұрын саяжай тұрғындары құдықтан су алған кезде жер астынан шыққан сұйықтық бензин секілді лапылдап жанған.

Құдықтың суын моншаға тасыдық. Артынша жағымсыз иіс бар екенін байқадық. Оны жақсақ тірідей өртеніп кетер ме едік? Кім біледі? Абырой болғанда бірден сұйықтықты төгіп тастадық. Енді қазір сусыз отырмыз», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Черноморец.

«Ромашка» – Петропавлдағы ең ірі саяжай қауымдастығы. Мұнда шамамен екі мыңға жуық учаске бар. Тұрғындар бұл жағдайға жол бойында тұрған жанар-жағармай құю бекетінің қатысы бар деп санайды.

«Жақын маңда жанар-жағармай құю бекеттері мен мұнай құбыры бар. Құдықтар терең екені белгілі. Енді саяжайдағы өнімге алаңдап отырмыз», - дейді «Ромашка» саяжай қауымдастығы басқарма төрағасы Елена Юсипенко.

Жұртшылықтың алаңдайтын жөні бар. Себебі көктем-жаз кезінде күтіп баптаған өнім бүлініп кетуі мүмкін. Саяжайға ең жақын жанар-жағармай құю бекеті небәрі жүз метр жерде орналасқан. Қазір мұнай тектес сұйықтықтың қайдан шыққанын олар да анықтап жатыр. 

Қызметкерлер барлық құбырды тексеріп жатыр. Әзірге ештеңе байқалмады. Тесік болса, жер бетіне шығар еді, - дейді жанар-жағармай құю бекетінің инженері Камиль Наргузин. 

Тұрғындардың шағымынан кейін саяжай қауымдастығына экологтар да дереу жетті. Олар жер асты суына сараптама тағайындады.

«Мамандар саяжайға келіп, құдық суынан сынама алды. Оның құрамында мұнай өнімі бар ма, жоқ па, ол зертханалық сараптамадан кейін белгілі болады», - дейді СҚО экология департаментінің бөлім басшысы Дамир Жұмабаев.

Тұрғындар қазір бақшасындағы өнімін суармай отыр. Ал экологтар алған сараптама қорытындысы бірнеше күннен кейін дайын болады. Судың құрамынан зиян заттар анықталса, әрі қарай полиция айналысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама