Halyq Uni логотип
×

Жоғарғы сот «өзін толық ақтауды сұраған» Серік Ахметовке қатысты пікір білдірді

2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов жазасын өтеп болды

 Айнұр Шошаева 28.07.2022 | 09:34
Жоғарғы сот «өзін толық ақтауды сұраған» Серік Ахметовке қатысты пікір білдірді
коллаж: Halyq Uni

8 шілдеде Қазақстанның экс-премьері, бұрын жемқорлық қылмысы үшін сотталған Серік Ахметовтің мемлекеттік органдарға ресми хат жолдап, Жоғарғы соттан өзін толық ақтауды (барлық айып бойынша), бұл істі «қолдан ұйымдастырғандарды» жауапқа тартуды сұрағаны хабарланды. Бұл туралы белгілі журналист Михаил Козачков жазды.

Экс-шенеуніктің пікірінше, оны қызметінен тайдыру операциясы Антикордың бұрынғы қызметкері, Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің жетекшілігімен әзірленген.

Осы ретте Halyq Uni тілшісі Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне бірқатар сауал жолдап, экс-премьердің өзін толық ақтауды сұрағаны туралы ақпаратқа пікір білдіруін сұрады.

Жоғарғы соттың хабарлауынша, сот үкімімен Серік Ахметовтің бірқатар ауыр қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жыл мерзімге мемлекеттік органдарда лауазымға тағайындалу құқығынан айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

Кейінірек апелляциялық сот жаза мерзімін 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға қысқартты. Үкімді орындау барысында 4 жыл 26 тәулік өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Серік Ахметовтің өзі осы күнге дейін кассациялық тәртіпте сот актілеріне шағымданбаған. Айыптау үкімін қайта қарау туралы мәселе көтерілмеген. Осыған орай, хатта көтерілген сұрақтарға жауап беру мүмкін емес екендігі хабарланады. Серік Ахметовтен немесе оның қорғаушысынан тиісті өтініш түскен жағдайда, қылмыстық іс жан-жақты және толық көлемде, іс материалдары зерделене отырып, қаралатын болады, - делінген Жоғарғы сот жауабында.

Естеріңізге салайық, экс-премьер Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда бірқатар жемқорлық қылмысы үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталған еді. Кейін апелляциялық инстанция Серік Ахметовтің жазасын жеңілдетіп, 10 жылдан 8 жылға азайтқан. 2017 жылдың қаңтарында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша С.Ахметовтің өтелмеген мерзімінің төрттен бірі азайтылып, сол жылдың қыркүйек айында бостандыққа шықты.

Кейін Серік Ахметовтың жазасын өтеудің нақты мерзімі бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, колониядан босатылды.

2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов жазасын өтеп болды. 1 қыркүйекте оған тағылған барлық шектеулер алынып тасталды. Бұл туралы ҚР Қылмыстық атқару жүйесi комитетiнің баспасөз қызметінен хабарланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама