Қазақстанда миллиардтаған тонна мұнайы бар алып кен орны ашылуы мүмкін

Халық үні

Аста-төк қазынаны игеру үшін билік заңнаманы өзгертуге дайындалып жатыр. Оған сәйкес, кенорындарына геологиялық барлау жүргізуге шығындалған инвестор соның байлығын игерудің «айрықша құқығына» ие болмақ

фото: stan.kz

Энергетика министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда игерілген бассейндер бойынша жер қойнауын пайдаланушылармен көмірсутек, яғни мұнай шикізатын барлау және өндіру бойынша жалпы саны 189 контракт-келісімшарт бекітілген. Соның ішінде біраз кенорынның шикізаты таусылуға таяды.

Мысалы, Қызылорда облысындағы кенорындарда мұнай өндіру бәсеңдеді. Облыста мұнай өндірісі Оңтүстік-Торғай шөгінді бассейнінде жүргізіледі. Есептеулер бойынша соңғы бесжылдық кезеңінде Қызылорда облысында қара алтын өндіру көлемі 36,3%-ға құлдырады: 2017 жылғы 5 млн 58,9 мың тоннадан 2021 жылы 3 млн 223,3 мың тоннаға дейін азайып кеткен. Салдарынан, саланың қаншама жұмысшысы жұмыссыз қалды.

Ұқсас жағдай елдің батысында да қалыптасуда. Тура екі апта бұрын, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те осы мәселеге жеке тоқталды.

"Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт "ҚазМұнайГаз" компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етуде. Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30%-ға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50%-ға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – Маңғыстау өлкесі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жасыратыны жоқ, Қазақстан кеңес кезінде барланған мұнай кенорындарын "жеп" жатыр. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ секілді "жаһандық супергиганттар" да өткен ғасырдан бері белгілі. Бірақ оларды толыққанды игеруге Кеңес Одағының технологиясы жарамаған. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында бірде бір ірі кенорны ашылмапты. Оларды анықтау үшін тағы да заманауи озық технологиялар қажет.  

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда геологтар жалпы алғанда, шикізатының болжамды ресурстары шамамен 76 млрд тоннаны құрайтын 15 шөгінді бассейнді анықтады. Оның басым бөлігі КСРО заманынан бері игеріліп жатыр.

Алайда геологтар қазақ жеріндегі аз зерттелген шөгінді бассейіндерде шамамен 4,5 миллиард тонна мұнай тұнып жатқанын айтып отыр. Министрліктің де байламы осы арнада тоғысады. 

"Тұтастай алғанда, Қазақстандағы мұнай толы шөгінді бассейндердің зерттелу дәрежесі әртүрлі болып келеді. Нақтыласақ, олардың 5-еуі – игерілген, 5-еуі – аз зерттелген, қалған 5-еуі – аз перспективалы саналады. Бүгінде Қазақстандағы мұнай мен газ өндірудің барлық көлемі тек игерілген 5 бассейінде ғана өндіріледі. Ал аз зерттелген шөгінді бассейндер бойынша мұнай-газ өндіруге бірде бір келісімшарт жасалған жоқ", – деген түсініктеме берді Энергетика министрлігі.

"Аз зерттелген" бассейнді "игерілген", яғни мол мұнайымен экономиканы көтеруге үлес қосатын бассейнге айналдыруға не кедергі? Энергетика саласының маманы, мұнайшы Болат Айтымбетовтың айтуынша, біріншіден, Қазақстанның төл жоғары технологиялары жоқ.

"Ол батыста бар, бірақ олар бермейді, сондықтан олардың компанияларын инвестор ретінде тарту қажет. Екіншіден, Қазақстан Үкіметі геология саласын жете қаржыландырмайды. Кеңес одағынан қалған зерттеу құжаттарын мұраға алып, соған мәз болып келді. Енді отыз жылда кенорындары таусыла бастағанда ғана есін жиып отыр. Үшіншіден, аз зерттелген шөгінді бассейндерде геологиялық барлау жүргізуге шетелдік инвесторлар қызықпайды, себебі, оның шығыны көп. Сонымен бірге егер ұңғылар бұрғыланған жерлерден мол мұнай қоры табылса, Қазақстан Үкіметі оны оған бермеуі, тартып алуы мүмкін. Тендер не аукцион өткізіп, басқа бір трансұлттық компанияны таңдауы ықтимал. Онысы бармақ басты, көз қысты жолмен дайын асқа тік қасық бола салады. Сондықтан жаңа кенорындарын ашатын инвесторларға ертең оны шенеуніктер тартып алмайтынына кепілдік керек", – деді сарапшы.

Энергетика министрлігі мұны жоққа шығармады.

"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс жер қойнауын геологиялық зерттеуден – одан әрі барлау мен өндіруге өтуге "айрықша құқықты" көздемейді. Сондықтан инвесторлар учаскелерге қатысты қандай да бір кепілдіксіз, яғни айрықша құқықсыз Қазақстанның аз зерттелген аумақтарын зерттеуге, геологиялық барлауға мүдделі емес. Сондай-ақ бүгінде шөгінді бассейндер бойынша сейсмикалық ескі деректер көп, бірақ олардың сапасы мен егжей-тегжейі заманауи талаптарға сәйкес келмейді", – деп мәлім етті ведомство.

Сол себепті министрлік қолданыстағы заңнамаға түзетулерді әзірлеп шықты. Оған сәйкес, ұлттық компания инвестормен тізе қосып, кейіннен жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін бірлескен кәсіпорын құра алады. Ол инвестор стратегиялық әріптес ретінде көрсетіледі.

Ең бастысы – аталған кодексте лицензияның жаңа түрі – аз зерттелген аумақтарда жер қойнауының мұнай-газдық перспективаларын геологиялық зерттеуге арналған лицензия енгізілмек.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл тәсіл жер қойнауын пайдаланушының учаскені одан әрі барлауға және мұнайын өндіруге айрықша құқығын қамтамасыз етеді.

Аз зерттелген аумақтарда геологиялық барлау барысында көмірсутек шикізатының перспективалы мол ресурстары анықталған жағдайда, күрделі жобалар бойынша үлгілік келісімшарт-контракт бекітіліп, оның аясында инвесторға жер қойнауын геологиялық зерттеу кезеңінен барлау және өндіру кезеңіне кепілді түрде өту мүмкіндігі берілетін болады.

Дегенмен сарапшылар айрықша құқықты өткір қос жүзі бар ұстараға теңейді. Дұрыс қолданбаса, залалы бар. Мысалы, Қытай мен Ресей Африка елдері билігінің әлсіздігін, алауыздығын пайдаланып, осындай құқыққа қол жеткізді, ең майшелпек кенорындарын астына басып алды. Бұл екі держава қара құрлықты шикізаттық қоймасына айналдырды, алтыны мен қара алтынын, шикізатын алып, шаңын қалдырады. Айрықша құқықтармен әуестеніп кетіп, біздің шенеуніктер де Ата заңымызда халық байлығы деп бекітілген қазына толы сандықтың кілтін жатқа ұстата салмаса, келіссөздерде мемлекет мүддесін толыққанды қорғай алса, жөн.

Дереккөз:  inbusiness.kz