Оқиға 24 шілде күні сағат 05:20 кезінде болған
Ақтау қаласында орналасқан «ҚазАзот» кәсіпорнында цех шатыры опырылды. Компанияның баспасөз қызметі мән-жайды баяндады, деп хабарлайды Lada.kz.
Куәгерлердің айтуынша, 24 шілдеден 25 шілдеге қараған түні «ҚазАзот АҚ жақтан жарылысқа ұқсас гүрсілдеген қатты дауыс шыққан. Тұрғындар кәсіпорында үлкен апат болды деп болжаған. Алайда анықталғандай кәсіпорында күрделі минералды тыңайтқыштар өндіру цехы (КМТӨ) ғимаратының шатыры ішінара қираған.
«Оқиға 24 шілде күні сағат 05:20 кезінде болған. Ауа райының қолайсыздығы атап айтқанда, соңғы екі аптадағы аптап ыстық, нөсер жаңбыр, сондай-ақ қатты жел мен найзағай ғимарат шатырының ішінара құлауына себеп болды. Технологиялық жабдықтар бүлінбеді. Бұл орынды "Жалын "Өрт сөндіруші» ЖШС апаттық-құтқару қызметі тексерді», – делінген «ҚазАзот» компаниясының баспасөз хабарламасында.
«ҚазАзот» өкілдері шатырдың опырылуынан ешкім зардап шекпегенін, қауіпті аймақ қоршалғанын, қызметкерлерге кіруге рұқсат жоқ екенін атап өтті.