×

Өңір «қызыл» аймаққа өтсе, қатаң карантин енгізіледі – ДСМ

Бүгінде карантинді күшейту мәселесі ведомствоаралық комиссияда (ВАК) қаралып жатыр

 Дәурен Ерболат 27.07.2022 | 17:45
Фото: Reuters

Денсаулық сақтау вице-министрі – бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай нашарласа, карантин талаптары күшейетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, өңір «қызыл» аймаққа өтсе, халықтың жүріп тұруына кәсіпкерлік нысандар жұмысына шектеу қойылуы мүмкін. Шектеу екі кезең бойынша жүргізіледі. Онда қанша науқастың ауруханаға жатқызылғаны және қанша адамға алғашқы медициналық-санитарлық көмектің көрсетілгені ескеріледі.

Шектеу шараларын енгізу жөніндегі ұсыныстар ведомствоаралық комиссияның қарауына енгізіледі, - деді Қазақстанның бас санитар дәрігері.

Бірінші кезеңде денсаулық сақтау министрлігі «қызыл» аймаққа өткен өңірлерде төмендегі шектеулер енгізеді:

  • 10-нан аса адамның қатысуымен өтетін кеңестер онлайн форматте өтеді;
  • Жабық ғимараттарда, көліктің барлық түрінде міндетті түрде маска тағу;
  • Жабық мекемелерге баруға шектеулер енгізу (Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты мекемелер және тағы басқа);
  • Қазақстанға келген жағдайда адамда вакцинация, ревакцинация болмаса, сондай-ақ, егер соңғы вакцинация немесе ревакцинация алғаннан бастап 6 ай өтсе, ПТР-тест әдісімен коронавирустың бар-жоғына тест тапсыру;

Екінші кезеңде денсаулық сақтау министрлігі төмендегі шектеулерді енгізуді ұсынбақ:

  • Ғимаратқа кірген кезде Ashyq қосымшасын міндетті түрде пайдалану, нысанға тек «жасыл» және «көк» статусы бар адамдар кіре алады;
  • Мемлекеттік органдар (ұйымдар), кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 30%-ын қашықтан жұмыс істеуге көшіру;
  • Білім беру ұйымдарына қосымша шектеулер енгізу;
  • Түрлі іс-шаралар ұйымдастырғанда нысандардың толымдылығы 50%-дан аспауы керек (салтанатты, естелік, отбасылық іс-шаралар, спорттық іс-шаралар, конференциялар, форумдар, ойын-сауық және жұрт көп жиылатын өзге де іс-шаралар);

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың жаңа штамдарының Қазақстанға әкелудің алдын алу үшін мемлекеттік шекарада шектеу енгізетіні туралы ескертеді.

Айжан Есмағамбетова кез-келген шектеуді енгізу мәселесі ВАК-та қаралатынын, кейін нақты шешім қабылданатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама