×

«Тіркелу процесін тоқтатамыз». Санжар Боқаев халыққа неге өкпелі?

Санжар Боқаев қарапайым халықтың партия құруы мүмкін емес екенін айтады

 Ая Өміртай 27.07.2022 | 17:45
Коллаж: Halyq Uni

Биыл ақпанда қоғам белсендісі Санжар Боқаев «Жаңа Қазақстанға» арналған жаңа партия құратынын мәлімдеген еді. Бұрынғы шенеунік, қазір кәсіпкер Санжар Боқаев бұған дейін утилалым мәселесі бойынша билікті сынаумен танылған болатын. Halyq Uni тілшісі қоғам белсендісімен әңгімелесіп, партия құрудағы кедергілер, Назарбаев әулеті, халықтың саяси белсенділігі, утилизация алымы мен қазіргі тіркелген алты саяси партияның маңызы туралы сұрады.

«ҚАЗАҚСТАНДА ПАРТИЯ ҚҰРУ ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫДАН ДА ҚИЫН»

– «Жаңа Қазақстанда» тәуелсіз партиялар тіркелуі мүмкін бе? Партияларды тіркеуде қандай кедергілер бар?

– Біздің қазіргі саяси жүйемізді алар болсақ, ештеңе өзгерген жоқ. Өйткені Тоқаевтың наурыз айында саяси модернизацияға қатысты заңға өзгеріс енгіземіз деп айтқанынан кейін нақты нәтиже болмады. Нақтысын айтқанда, «Саяси партиялар туралы» заңда жаңа партияға, жаңа тәуелсіз саяси партияның құрылуына, дүниеге келуіне мыңдаған кедергі бар.

Мысалы, саяси партия құру қажет болса, Әділет министрлігіне кемі мың адамнан тұратын бастамашы топтың тізімі мен ұйымдастыру комитетінің мүшелері туралы мәліметті табыстау керек. Осы тізімді министрлік тексеріп, тіркеуші орган тиісті құжатын беруі қажет. Билікті білесіз ғой, рұқсатын бермеуі де мүмкін. Бізде қаншама партия мың адамның тізімін жиырма шақты рет тапсырып, өткізе алмаған.

Одан бөлек тағы бір мәселе, мың адамның облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік етуі қажет. Тізім бойынша шақырылған 9999 адам келіп, бір адам келмей қалса, съезд қабылданбауы да мүмкін. Ойлап көріңіз, шалғай өңірлер тұрмақ бір қалада тұрып қонаққа 10 адам шақырған күнде біреуі келмей қалуы кәдік. Ал мың адамды Қазақстан бойынша бір күні, бір сағатта жинау – ешкім істей алмайтын нәрсе. Сіз биліктің саяси жобасы болсаңыз, мың адамды да жинап береді, тізімін де тексертпейді. Әрине, тіркеуден оңай өтесіз. Тіптен 20 мың адамның қолын жинап, мың адамның басын қосып, әйтіп-бүйтіп съезді өткіздіңіз делік. Ішіндегі біреуіне «қол қойған жоқпын» деп айт десе, сонымен бар еңбегіңіз еш кетеді.

Ашық түрде жарияланған 36 мемлекеттің саяси партияларына қатысты заңдарын қарап шықтым, дәл біздікіндей талаптар жоқ.

Мысалы, іргеміздегі Ресейде партия құру үшін мың адамның тізімін жинап, бастамашы топ ретінде қатысу қажеттілігі жоқ. Саяси партиялар туралы Ресей Федерациясының федералдық заңында құрылтай субъектілерінің кемінде жартысында аймақтық филиалдары болуы, сонымен бірге саяси партияның кемінде 500 мүшесі болуы керектігі көрсетілген.

Орта есеппен 85 субъекті бар десек, съезге өңірлерден кемінде 170-тен адам қатыса алады деп айтуға болады. 150 миллион халық саны бар Ресей үшін 500 адамның тізімін беру түсінікті. Тіптен авторитарлы, қиын саяси режімдегі Түркіменстанның өзінде тізімделетін адамдардың нақты саны белгіленбеген. Тек қабылданған адамдардың тізімін Адалат министрлігі, бізше Әділет министрлігіне өткізеді. Осыған қарағанда, біздің заңымыз әлемдегі заңдарға қарағанда ең күрделі, әрі саяси тәуелсіз партиялардың келуіне тосқауыл болып отырған заң екендігіне көзім жетті.

ЗАҢДА МЫҢ АДАМДЫ ШАҚЫРУ АЙТЫЛҒАНЫМЕН, ҚАТЫСУЫ МІНДЕТТЕЛМЕГЕН

– Білуімізше, «Намыс» партиясы әлі тіркелу кезеңінде. Құжаттарыңызды неше рет өткіздіңіздер?

– «Намыс» партиясы әлі тіркелген жоқ. Біз тіркелудің бірінші кезеңінен өттік. Ұсынған мың адамның тізімі қабылданды. Құжаттарымызды екі рет ұсындық. Алғашында құжатымыз қабылданбады. Өйткені абайсызда техникалық жағынан қателік жіберіппіз. Екінші рет құжаттарымызды түгендеп жіберген соң, тіркеуші орган растама берді. Осыдан соң екі айдың ішінде саяси партияның құрылтай съезін өткізуге тиіс едік. Съезімізге мың адам емес, 429 адам ғана қатысты. Заңда саяси партия саны бір мың адамнан кем емес құрылтай съезін шақыратындығы көрсетілген. Шақыру деген сөз қатысуы міндетті деген мағынаны білдірмесе керек. Осы мәселені растау мақсатында біздің ұйымдастырушы комитет Әділет министрлігіне ресми сауал жолдаған еді. Министрлік бізге «съезге кемі мың адам қатысуы керек» деп жауап берді. Осыдан заңның өзі солқылдақ екенін көруге болады.

«ҚАРАЖАТЫМ ТАУСЫЛДЫ»

– Партияны тіркеу кезінде қандай кедергіге жолықтыңыздар?

– Біздің съезімізге шақырылған мың адам толық келмегендіктен, біз оны өзіміз де қабылдамаймыз. Құжаттарымызды өткізсек те министрлік қабылдамайды. Біз осымен тіркелу процесін тоқтатамыз. Қайта тапсырамыз ба, тапсырмаймыз ба, бастамашы топ шешім қабылдаған жоқ. Өйткені, шынымды айтар болсам, мәселе қаржыға барып тіреледі. Осы кезге дейін партияны тіркеу үшін жеке өзімнің қаржымды жұмсап келдім. Енді қаражатым таусылғандықтан, біреуден ақша алғым келмейді. Тәуелді болғым келмейді. Соған қарағанда партияны қарапайым қазақстандықтар құруы мүмкін емес. Партияны құра алатын билік немесе ірі бизнес өкілдері болып отыр. Ал халықтың мүддесін қорғайтын тағы да ешкім жоқ. Өйткені бизнес өкілдері өз мүддесін қамдаса, билік өкілдері билігін ойлайды. Біздің заңымызды соншалық қиындатып тастағандықтан қарапайым азаматтардың партия құруы мүмкін болмай отыр.

– Жаңа оппозициялық партиялар пайда болуы мүмкін бе?

– Бүгінгі «Саяси партиялар туралы» заңның талаптарымен тәуелсіз партиялардың тіркелуі мүмкін емес. Жаңа оппозициялық партияның құрылу мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан тек қана биліктің қолдауымен өтетін саяси жоба есебіндегі партиялар тіркелмесе, қазіргі қолданыстағы заңда көрсетілген талаптар бойынша партияны тіркеу реалистік нәрсе емес. Заңды неше мәрте өзгертсе де биліктің саяси плюрализмге көзқарасы өзгермейтін болса, кез келген саяси партияны тіркемей қоюға биліктің мүмкіндігі толық жетеді. Иә, Тоқаев партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі санын үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азайту жөнінде ұсыныс айтты. Бұл да партиялық жүйені дамыту мүмкіндігін кеңейте алмайды, өйткені айтарлықтай айырмашылық жоқ. Билік мың адамның тізімінен табатын кемшілікті 700 адамның да арасынан оңай тауып алады. Сондықтан билік партияларды тіркеуге тосқауыл ретінде күрделі механизмді арнайы қалдырып отыр ма деген ойдамын.

– Сарапшылар кейбір партияларға қысым көрсетіліп, тіркеле алмай жатыр деген ой айтады. Мысалы, Жанболат Мамайдың партиясы тіркелгенін елестете аласыз ба?

– Жанболат Мамайдың партиясы жуық арада тіркеледі дегенге өз басым сенбеймін. Бұл тек тиісті заңдардың ғана емес, биліктің көзқарасы өзгеруін керек етеді. Әйтпесе Жанболат Мамай сынды белсенділер және өзге де тәуелсіз күштер қоғам үшін де, мемлекет үшін де өте қажет.

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ 7 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ЕСЕБІН БЕРУІ КЕРЕК»

– Қазіргі партиялар елдің саяси жүйесінің жасанды плюралистік бейнесін жасауды көздейтін саяси режімнің толық бақылауында деген пікірмен келісесіз бе?

– Қазіргі саяси жүйеміздегі тіркелген және жұмыс істеп жатқан алты саяси партия ешқандай да дамып отырған жоқ. Мысалы, «Amanat» партиясы бүкіл аудандар мен облыстарда филиалдары бола тұра, осыншалықты әлеуетімен ісін көрсете алмай отыр. Бірақ бюджеттен жылына кемінде 7 млрд теңгедей қаржы алып келеді. Сонда айына жарты миллиард теңгені бюджеттен алып отыр. Не үшін алып отыр? Ол ақшаның құжат күйінде есебі болуға тиіс қой. Ондай қаржыға үлкен жұмыстар атқаруға болар еді. Қазіргі Парламенттегі басқа партиялар да тиімділігін көрсете алып отырған жоқ. Бұрынғы коммунистік партия, қазіргі Қазақстан халық партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы ай сайын республикалық бюджеттен 100 миллион теңге қаржы алып отыр. Бұл – біздің салығымыз. Алдыңғы жылы parazit.kz деген сайт аштық. Сол жерде партиялардың мемлекеттік бюджеттен қанша қаржы алып отырғанын, сағат сайын қанша ақша кетіп жатқанын күнделікті көрсетіліп отырады. Сондықтан оларды мемлекет үшін, қоғам үшін атқарып отырған нақты істері жоқ, нағыз паразиттер деген ойдамын.

Ал Парламенке кірмеген өзге партиялардың да атқарып отырған қыруар жұмыстары жоқ. Қазір біз он адамнан сауалнама жүргізейікші, қай партияның ісін айтып бере алады екен?! Ешқайсысы да жауап бере алмас еді.

Қазіргі саяси партиялар осы жүйенің плюралистік моделі болған ойыншық партиялар деген пікірмен толықтай келісемін. Парламенттің кейінгі үш шақырылымына 2007 жылдан бері үш партия өтіп келді. Халыққа кесірі тиіп жатқан утилалым мәселесіне қатысты соңғы жылдардағы заңдарды қабылдауға осы үш партия қатысты ғой. Парламент қабырғасында бір де бір оппозиция болған жоқ. «Ақ жол» оппозициялық партия деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Енді сол заңдардың барлығын өзгерту үшін бізге тағы қаншама жылдар керек.

«ХАЛЫҚҚА ӨКПЕЛІМІН»

– Утилалым мәселесіне қатысты билікті сынап келдіңіздер. Қандай нақты нәтижелерге қол жеткізілді?

– Утилизация алымындағы заңсыздықтарға қатысты, ең бастысы жүйенің өтірікке құрылғанын бірінші болып айттық. Мұның барлығы біздің қарапайым қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей қатысы бар мәселе екенін көтеріп, қаншама парақорлық, коррупциялық схемалар мен ұрланған миллиардтаған қаржыны көрсеттік. Көз жеткіздік. Антикорға көмегіміз де тиді. Митингі де өткіздік. Соның нәтижесінде қаңтар оқиғасынан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік ұйым айналысуы керектігін айтты. Ең басты жетістігіміз – біз утилизация алымын 50 пайызға төмендетуге ықпал еттік.

Ендігі мақсат – агротехникаға белгіленген утилизация алымын түбегейлі жою. Өйткені ауылшаруашылық саласындағы кәсіпкерлер сол техниканы несиеге сатып алады. Мәселен, 50 млн теңге тұратын комбайнға кемінде 10-13 млн теңге утилалым төлеп, 10 пайызбен қайтарады. Ал кәсіпкерлер ақшаны өз қалтасынан төлей салмайды. Сатып отырған картобы мен пиязының бағасы қымбаттайды. Түптеп келгенде оны төлейтін қайтадан өзіміздің қарапайым қазақстандықтар болып шығады. Ал автокөліктердің утилалымы туралы айтар болсақ, халық өздері белсенділік танытып отырған жоқ. Осы утилалымды азайту үшін біз әкімдікке он рет митинг өткізуге құжат тапсырғанда, тоғыз рет кері қайтарылды. Тек оныншысында ғана митинг өткізуге рұқсат берілген кезде алаңға бар болғаны 490 адам ғана келді. Егер сол кезде 4900 адам келген болса, билік те ден қойып, шешілер ме еді. Халыққа өкпелімін. Мәселені көтеріп, айтып жатырмыз. Заңды митингіге келіп қолдау көрсетіңіздерші дегенімізде келгені 490 адам ғана. Егер бұл мәселе қоғамға қызық болмаса, жеңіл автокөлікке утилалымды алып тастау мәселесін енді арнайы көтермеймін. Бітті. Қоғамды қызықтырмаса, маған да керек емес. Өзімнің Tesla автокөлігім бар, утилалым төлеген емеспін. Төлемеймін де.

– Ал Назарбаев пен оның отбасы, жақын серіктерінің жүйеден шығарылуын, мүлкінен айырылуын қалай қабылдадыңыз?

– Кезінде Назарбаев пен оның қасындағы олиграхтардың ақшасын елге қайтару мәселесін ең бірінші айтқан азаматтардың қатарында болғанмын. Назарбаевтың өзі бар кезде, 2021 жылы айтып жүрдік. Оны қайтару – Тоқаевтың парызы, міндеті ғана емес. Экономикамызды ұстап қалу қажет. Ескі жүйенің өкілдері шетелдерде отырып-ақ сол қаржымен Қазақстанды әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұластыруы мүмкін. Олар «финансовая сушка» жасап отыр. Ақшаларын қайтару керек.

– Кейінгі уақытта қоғам саясатқа белсене араласа бастағандай. Адамдардың биліктің сөзі мен іс-әрекетіне мән бере бастауы қаншалықты маңызды?

– Менің пікірімше, қоғам саясатқа белсенді қатысып жатқан жоқ. Олардың белсенділігі әлеуметтік желілерде тек пікір жазу немесе пост жазумен шектеледі. Артында нақты іс жоқ. Отырып алып, интернетте белсену мен үшін саяси белсенділікке жатпайды. Біздің қоғамның әлі де болса саяси және құқықтық мәдениетін жоғарылату қажет деп ойлаймын.

Қазір екінің бірі саясаттанушы, саясаткер болып кеткен. Пост жазып қойып, сол постына лайк жинағанына риза. Ал сол мәселені жазып қоя салмай, талдап, зерттеп, мехнизмдерін көріп, соған жауапты және құзырлы органдарға шағым жазып, процесті жүргізетін болса ғана белсенді деп айтар едік. Утилизация алымы мәселесі бойынша екі жылдың ішінде Үкіметке 50-ден астам хат жаздық. Эксперттік отырыстар өткіздік. Үкіметті сотқа да бердік, митингілер өткіздік. Осы мәселені көтере жүріп саланың майталман маманына айналдық. Сол сияқты әркім нақты мәселені соңына жеткізуге талпынса, жақсы бір қоғамға айналар едік. Ал жаза салып, айта салу – нағыз популистік жұмыс.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама