Ресей соғыс салдарынан халықаралық ғарыш станциясынан да кететін болды

Еркеғали Болатұлы

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс Ресей тарапының мұндай шешім қабылдағанын өкінішті жағдай деп отыр

фото: ашық дереккөз

Украинадағы жағдай Ресей мен Батыс елдері арасындағы кез келген байланысқа сызат түсіретінге ұқсайды. Өйткені Роскосмос ғарыш агенттігінің жаңа басшысы Юрий Борисов өздерінің халықаралық ғарыш станциясынан алдағы 2 жылдың ішінде кететінін мәлімдеді.

Айта кетсек, АҚШ пен Ресей бірлескен орбиталды станция құруды 90-жылдары қолға алған болатын. Содан бері ондаған жыл бойы ғарыштық зерттеулерді қатар атқарып келді. Енді бұл – екі елдің азаматтық ынтымақтастық аясында қалған соңғы жобаларың бірі.

Украинадағы қырғи-қабақ соғыстан кейін АҚШ-Ресей арасындағы өзара байланыс ең төменгі деңгейге түсіп кеткен еді. Бірақ Ақ үй билігі NASA-ға ғарыш станциясындағы бірлесен жұмыстарды 2030 жылға дейін жалғастыруға рұқсат берген болатын. Сондықтан АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс Ресей тарапының мұндай шешім қабылдағанын өкінішті жағдай деп отыр.

АҚШ пен Ресей ғарышты зерттеуде ондаған жылдар бойы қоян-қолтық жұмыс істеді. Әрине, Ресейдің Украинаға басып кіруі екіжақты байланысты түбегейлі өзгертті. Бірақ ғылым, қауіпсіздік саласындағы бірлескен жобаларымыз бар еді. Әрі оның әлі де сақталғанын қалаймыз, - деді Нед Прайс.

Жерден шамамен 400 шақырым биіктікте орналасқан алып орбиталық станцияда Еуропа, Жапония және Канада сынды бірнеше елдің үлесі бар. Алайда негізгі серіктестер АҚШ пен Ресей болып отыр. Ресейлік қозғалтқыштар станцияны орбитада қалыпты жағдайда ұстауға мүмкіндік берсе, америкалық энергожүйе ғарыш айлағының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.