Қаңтар трагедиясы бойынша халықаралық тергеу жүргізіле ме?
Тоқаев Еуропарламент резолюциясына қатысты өз ойын айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы трагедия бойынша халықаралық тергеудің қажет емес екенін мәлімдеді.
«Ондай тергеудің қажеті бар деп ойламаймын. Өзіміз істей аламыз. Бізде адал және бәрін ашық айтатын адамдар бар. Олар қоғамдық комиссияларды басқарады. Мен де, әкімшілігім де сол комиссиялардың құрылуына қатысқан жоқ. Адамдар өз еркімен құрды, жұмыс істей берсін. Өзім де ақиқатты, шындықты білгім келеді», - деді Тоқаев «Хабар» арнасына берген сұхбатында.
Президент сұхбатында Еуропарламент қарарына қатысты ойын айтты.
Олар осымен екінші резолюцияны қабылдап жатыр, тым ерте қимылдап отыр. Ол резолюция - лоббистердің әрекеті. Ал лоббистер өз адамдарымыздың тапсырысы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ол адамдар кезінде Қазақстанда қыруар ақша тапқан. Артынан шетелге кетіп қалды. Енді ол ақшаны наразылықтарды ұйымдастыруға және адамдарды бір-біріне айдап салуға жұмсап жатыр, - деп атап өтті Тоқаев.
Еуропа парламентінің депутаттары Қазақстандағы соңғы наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты адам құқықтарын қорғау туралы қарарды басым дауыспен қабылдады. Дауыс берген 671 депутаттың 589-ы қарарды қолдаса, 35-і қарсы болды, 47-сі қалыс қалды.
Еуропарламент депутаттары бұл қарарда 2022 жылдың қаңтарында болған наразылықтарға байланысты халықаралық тергеуді бастауға, сондай-ақ қазақстандық шенеуніктерге «адам құқықтарын өрескел бұзғаны үшін» ЕО режимі аясында санкциялар салуға шақырып отыр.
Еуропарламент депутаттары Еуроодақ пен халықаралық қауымдастықты «елдегі екі апталық митингілер кезінде Қазақстан халқына қарсы жасалған қылмыстарды халықаралық тергеуді дереу бастауға» үндеді.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропа парламенттің қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдеді.