Нұр-Сұлтан-Арқалық арасындағы шұрқ-тесік жол биыл да орташа деңгейде жөнделмек
Әр жерін жамап-жасқағанмен, сол таз қалпына қайта түседі
Арқалықтан елордаға қатынайтын жүргізушілер жанын шүберекке түйіп жүретінін айтады. Себебі жолдың күйі нашар. Су жаңа көліктердің өзі шыдас бермей, орта жолда бұзылып жатады деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Төрт бірдей облысты байланыстыратын осы жол Тобыл өңірінің 125 шақырымын қамтиды. Әсіресе Арқалықтан Ақмола облысының шекарасына дейінгі 38 шақырымы әркімді сарсаңға түсіреді. Тұрғындардың айтуынша, жол үш жыл сайын жүрдім-бардым жөнделеді. Әр жерін жамап-жасқағанмен, сол таз қалпына қайта түседі.
Державинмен екі ортада қандай азап! Мысалы, Державинге соқпас үшін сол жолды айналып өтуге өмірімізді қауіпке тігіп, Далабай деген жақпен жүреміз. Ондағы жүретін көпірді көрсеңіз, қылкөпір деп ойлайсыз. Адамдарды түсіріп, жаяу өткіземіз. Өйткені бар мақсатымыз – анау жаман жолдан қашу, - дейді Арқалық қаласының тұрғыны Серік Төлекбаев.
Айналма жолдың өзі жаңбыр жауса батпақ, күн ысыса шаңы аспанға көтеріледі. Қалай дегенмен, бар тіршілік осы жалғыз жолға қарап тұр.
Нашар жолмен бір жүрген көлік иелері техникалық сервисті қайта жағалаумен болады. Тапқан табысының біразын темір тұлпарын жөндеуге жұмсайды.
Жедел жәрдем көлігі жүре алмайды бұл жолмен. Айналып өтуге тура келеді. Дөңгелектері шығып кеткен көліктер күн сайын жол жиегінде тұрады, - дейді тұрғындардың бірі.
Жолды күтіп ұстауға жауапты «Қазавтожол» ұлттық компаниясындағылар барлық проблемадан хабардар.
Жолдың жалпы ұзындығы Ақмола өңірі бойынша 68 шақырымды құрайды. Оның бірінші 32 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары 2018-2019 жылдар аралығында жүргізілген болатын. Қалған шақырымындарына қаражат биыл бөлінді. Мердігерді анықтағаннан кейін орташа жөндеу жұмыстарына кірісіп кетеді. Қостанай арқылы 38 шақырымы жатыр екен. Ол жерде де дәл осылай. Биыл қаражат бөлінді. Мердігерді анықтау бойынша конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр, - деді «Қазавтожол» ҰК баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева.
Мердігер анықталғанша өзге де жолдардың сапасыздығына қатысты шағымдарды «Қазавтожолдың» колл-орталығына хабарлауға болады. Компания өкілдері фото және видеомен жіберілген материалдардың жауапсыз қалмайтынына сендіріп отыр.