Halyq Uni логотип
×

Асхат Аймағамбетов 15 университетті жабу туралы шешімін түсіндірді

Тағы 6 оқу орнын жабуға қатысты шешімге шағым беріліп, ол сотта қаралып жатыр

 Халық үні 27.07.2022 | 12:50
Асхат Аймағамбетов 15 университетті жабу туралы шешімін түсіндірді
Асхат Аймағамбетов, фото: ашық дереккөзден

Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі ретінде қызметін аяқтаған соң атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Айта кетейік, маусым айында Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрі ретінде қызметін жалғастырып жатыр.

Министр жауапкершілігі төмен университеттерді жауып, сапаны қамтамасыз ете алмайтын ЖОО-ларды қайта бейіндеу бойынша күрделі жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде 15 жоғары оқу орны жабылды.

«Бұдан бөлек, қосымша 6 оқу орнын жабуға қатысты шешімімізге шағым беріліп, ол сотта қаралып жатыр. Оның жалпы саны 21-ге жетіп отыр. Жабылған университеттердің 100 мыңнан астам студентін оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ларға ауыстырдық. 66 университеттің әлсіз білім беру бағдарламалары бойынша 505 лицензияны кері қайтарып алдық. Сонымен бірге оқытудың әлсіз бағыттары бойынша лицензияларды қайтарып алу бойынша тағы 4 ЖОО-мен сот процестері жүріп жатыр», - деп атап өтті министр.

Айтуынша, педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарының саны (85-тен 50-ге дейін) қысқарған. Бұдан былай оқытудың тиісті сапасын қамтамасыз ететіндер ғана болашақ мұғалімдерді дайындай алады. Заңгерлерді даярлайтын университеттердің саны 72-ден 61-ге дейін қысқарды.

Алдағы уақытта ЖОО-ларға берілетін лицензиялар мерзімсіз болмайды. Олар 5 жылға беріледі, ал оларды қайта ресімдеу автоматты түрде емес, енді біліктілік талаптарына сәйкес болған жағдайда ғана жүргізіледі, - деп түсіндірді министр.

Оқу-ағарту министрі «Жоғары мектеп» лексиконынан «диплом фабрикалары» немесе «шаңсорғыш оқу орындары» сияқты терминдер көп ұзамай мәңгіге жоғалатынына сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама