Halyq Uni логотип
×

Мүфтият жеті баласымен мешітке кіре алмаған әйелге қатысты түсініктеме берді

Бұған дейін Ақтолқын мешіттің көмектеспегенін айтқан еді

 Ая Өміртай 27.07.2022 | 12:20
Мүфтият жеті баласымен мешітке кіре алмаған әйелге қатысты түсініктеме берді
Коллаж: Halyq Uni

Қаңтар оқиғасы бойынша күйеуін тергеу изоляторынан босату үшін әділдік іздеп келген жеті баланың анасы Ақтолқын Әбдішоваға «Әзірет Сұлтан» мешіті қонуға рұқсат бермегенін хабарлаған едік.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы көп балалы ананың мешітке көмек сұрап келгенін растай отырып, желі қолданушыларынан оқиғаға байланысты біржақты пікір таратпауын сұрады.

«Көпбалалы келіншек 20 шілде күні кешкі сағат 19:00 кезінде (екінті намазынан кейін) мешітке көмек сұрап келді. Ол мешіттің күзетшісінен өзін балаларымен бірге мешітте қондыруын талап еткен, тамақ беруді сұраған. Сол уақытта «Әзірет Сұлтан» мешіті бас имамының міндетін атқарушы Әділхан Иманәліұлы келіп, ол кісіден қандай көмек керек екенін сұраған. Имам мешіттің ішкі ережесі мен тәртібі бойынша құлшылық үйінде қонуға рұқсат берілмейтінін жеткізді», - деп жазды Ағабек Қонарбайұлы фейсбук парақшасына.

Сондай-ақ ол имам мешіттің қаржылық мүмкіндігі аясында оған материалдық көмек көрсетілетінін айтқанын, алайда Ақтолқынның ұсынысты қабылдамағанын атап өтті.

«Өкінішке қарай, әлгі әйел бұл ұсынысты қабылдамай, өз ұстанымынан қайтпай, мешітте ғана қонатынын эмоциямен жеткізді. Осылайша, ашуға берілген күйі имамның ұсыныстарын тыңдамастан, мешіттен шығып кетті Осы орайда айтарымыз, «Әзірет Сұлтан» мешіті көмек сұрап келген шынайы мұқтаж адамдарға қашан да қол ұшын созып келеді. Алайда мешіттің ішкі ережесі мен тәртібіне сәйкес құлшылық үйінде қонуға болмайтынын тағы да қаперге саламыз. Мұндай жағдайда имамдар мүмкіндігінше қонатын басқа орын тауып беруге тырысады. Дін қызметкері ешқашан ешкімге бейпіл сөз айтып, мешіттен қуып шыққан емес. БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын бұл оқиғаға байланысты біржақты пікір таратпауын сұраймыз», - деді.

Айта кетелік, Halyq Uni порталына берген сұхбатында Ақтолқын Нұр-Сұлтан қаласында таныс-білісі болмағандықтан түнейтін жері болмағандықтан мешітке баруға мәжбүр болғанын айтқан еді. Ол мешіттің имамы іштен шықпағанын, кіре берістен кері қайтарғанын айтқан болатын. Ақтолқынның айтуынша, мешіт әкімшілігі  қаржылай көмек ұсынбаған.

«Қалада пәтер жалдау қымбат болған соң, далада қалдырмас деген оймен Әзірет Сұлтан мешітіне бардым. Тамаша, әдемі мешіт екен. Имамын шақырып едім, бір жастау жігіт шықты. Жағдайымды айтып, аз күн қона тұрайық деп едім, болмайтынын айтты. Құдайдың үйі болған соң жәрдем бере ме деп барған ойым ғой. Өйткені қалада еш туысым да, танысым да жоқ», – деген еді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама