Ол бойынша «террористік» деп танылған елдермен Ресей барлық дипломатиялық қарым-қатынасты үзеді
Ресей мемлекеттік думасына Украинаны «террористік мемлекет» деп тану жөніндегі заң жобасы түсті. Бұл туралы ТАСС агенттігі «Справедливая Россия - За правду» фракциясының жетекшісі Сергей Мироновтың сөзіне сілтеме жасап хабарлады. Заң жобасын әзірлеген де осы фракция екен.
Заң жобасымен танысып шыққан РИА Новости агенттігі «терроризмге демеушілік еткен» елдерді де «террористік» деп тану жөнінде бап барын айтады. Атап айтқанда, олар – Украинаға әскери көмек көрсеткен елдер. Мұндай елдердің тізімін жасау Ресей Үкіметіне тапсырылған.
Сондай-ақ бұл құжатқа сәйкес, «елді мекендерге жарылыс жасап, адам өміріне қауіп төндірген», «заңсыз қарулы қылмыстық топ құрған», «Ресейдің территориялық тұтастығын бұзған немесе соған үндеген» мемлекеттер «террористік» деп танылады.
Заң жобасы бойынша «террористік» деп танылған елдермен Ресей барлық дипломатиялық қарым-қатынасты үзеді. Сонымен қатар, сол елдің азаматтарының дүние-мүлкі тәркіленеді.