Көлгіновтің екі орынбасарының лауазымы қысқарды
Елорда әкімінің 4 орынбасары қызметін жалғастырып жатыр
Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің екі орынбасарының штаты қысқартылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазір қала әкімінің 4 орынбасары қызметін жалғастырып жатыр.
«Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппаратында әкімнің 2 орынбасарының лауазымы қысқарды. Қазір қала әкімі орынбасары қызметін 4 қызметкер атқарады. Қысқартылған қызметкерлер – Ермек Қизатов және Берік Жәкенов», - делінген қала әкімдігі баспасөз қызметінің Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.
Әкімдіктің хабарлауынша, штат саны қысқаруына байланысты қызметінен босатылған әкім орынбасарларының атқарған қызметі әкімнің басқа орынбасарларына жүктелді. Алайда қызметтегі әкім орынбасарларына жүктеме артқанымен, олардың жалақысы көбеймейді.
Елорда әкімдігінде Ермек Қизатов энергетика мен коммуналдық шаруашылыққа, ал Берік Жәкенов әлеуметтік салаға жауапты болған.
Берік Жәкенов әкім орынбасары қызметіне 2022 жылдың ақпанында кіріскен. Шілденің басында оның Амanat партиясы елорда филиалының жауапты хатшысы қызметіне ауысқаны хабарланды.
Қазір Алтай Көлгіновтің төрт орынбасары бар. Олар: Есет Байкен, Ерлан Бекмырзаев, Нұрлан Солтамбеков және Нұрлан Нұркенов.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы Жолдауында облыстар мен республикалық маңызы бар қала әкімдері аппаратында мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру туралы тапсырма берді. Содан кейін Атырау облысы әкімінің екі орынбасарының штаттық орны қысқарғаны хабарланды.