СҚО әкімдігі футбол стадионы УЕФА талаптарына сай болуы үшін 1,4 миллиард теңге бөледі
1967 жылы салынған «Қарасай» стадионына 2019 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген
Петропавлдағы «Қарасай» стадионы УЕФА стандарттарына сай болады. Спорт нысанын құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжат жасалып жатыр. Құрылысқа шамамен 1,4 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Спорт кешенінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, футболшылардың қыс түскенше осы жерде жаттығуына жағдай жасау үшін жылытылатын алаң, сондай-ақ УЕФА талаптарына жауап беретін киім ауыстыратын бөлменің құрылысы қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы құрылысқа техникалық қадағалау қызметін жүзеге асыратын мамандарды іздеп жатыр. Қазір жұмысты бастауға қажет барлық құжат дайын, оның ішінде жоба нобайы мен бас жоспар, топографиялық түсірілім де бар.
Ұсынылған сметаға сәйкес жоба құны шамамен 1,4 миллиард теңгеге жуықтайды. Қаражат Солтүстік Қазақстан облысын кешенді дамыту бағдарламасы аясында бөлінеді. Жаңартылған стадионда УЕФА конференциялар лигасын қабылдау мүмкіндігі болады.
Осылайша, 238 миллион теңге жылу желісін жаңартуға, 298 миллион теңге аумақты абаттандыруға, 387 миллион теңге сыртқы жарықтандыруға жұмсалады. Спорт кешенін жарықтандыруға 40 метрлік 4 бағана қойылады, оның әрқайсысы 31 миллион теңге тұрады. Сондай-ақ 26 миллион теңгеге үлкен табло орнатылады, 10 миллион теңгеге дыбыстау құрылғысы сатып алынады. Дизель электр станциясы 25 миллион теңгеге үздіксіз қуат алуға кепілдік береді.
1967 жылы салынған бұл стадионға 2019 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазір Петропавлда үш стадион бар. Оның ешқайсысы УЕФА талаптарына сай келмейді. Сондықтан жергілікті «Qyzyljar» құрамасы ойынға Нұр-Сұлтан қаласында дайындалады. Олар қыруар қаражатқа «Астана Арена» стадионын жалға алады.
Айта кетейік, «Qyzyljar» футбол клубы өткен маусымда Қазақстан премьер-лигасының турнирлік кестесінде 4-орынға көтерілген.