Бас прокуратура мамыр айында 122 базарды тексеру жұмыстарын аяқтаған
Премьер-министрдің орынбасары – Cауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов базарларды тексерудің қорытындысы бойынша заңнамаға жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулер енгізілетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Бас прокуратура мамыр айында 122 базарды тексеру жұмыстарын аяқтаған.
«Базар иелері мен әкімшілік қызметінің реттелмеуі, сауда орны үшін жоғары аренда ставкасы (күніне 15 мың теңгеге дейін), базар әкімшілігінің қосымша қызметтер көрсету бойынша үлестес жеткізушілерді тықпалауы, мысалы сертификаттық сынақтар, буып-түю, тасымалдау, тағы басқалары жүйелі проблемаға айналған. Сондай-ақ тексеріс барысында нарыққа қатысушылардың тауарға жасанды тапшылық тудыратыны және бағамен манипуляция жасайтыны анықталды», - деді Бақыт Сұлтанов.
Осы проблемаларды шешу және базар қызметін жаңғырту мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Бас прокуратура және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, төмендегідей заңнамалық түзетулер ұсынды:
- сауда ұйымдастырғаны үшін базардың меншік иесінің жеке жауапкершілігін енгізу;
- базарларға біліктілік және инфрақұрылымдық талаптарды белгілеу;
- отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына бәсекелі және еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе құру.
Бұл нормалар президенттің жекелеген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі заң жобасына енгізілген. Қазір құжат Мәжілістің қарауында жатыр.