Ұлытауда індеттен арам өлген ірі қараны шаруалар өздері өртеп, көміп жатыр
Ауру 200-ге жуық шаруа қожалығы бар Ұлытау ауданына қарасты Мибұлақ ауылында тараған
Ұлытау облысында белгісіз індеттен 70-ке жуық ірі қара арам өлді. Ауру Ұлытау ауданына қарасты Мибұлақ ауылындағы Көктабан қыстағында тараған. Бұл ауылдың маңында 200-ге жуық шаруа қожалығы бар. Шаруалардың айтуынша, жергілікті халық осындай індетпен 3 жылдан бері күресіп келеді. Биыл мұндай жағдай 18 маусымда тіркелген. Бір айда 64 бас мал қырылған. Шаруалар бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін деп алаңдайды.
Ауру жұқтырған мал күйіс қайырмайды, сауын сиырдың сүті тоқтап, әбден әлсіреген соң өледі. Облыс пен ауданнан келген ветеринарлар патологиялық сынамалар алып, Нұр-Сұлтан мен Қарағандыға жіберді. Алайда екі жақтан екі түрлі диагноз келді. Бірінде мал ринотраxеит инфекциялық ауруынан қырылды десе, екіншісі кенеден тейлериоз жұққан деген қорытынды шығарған. Алайда тұрғындар бұл шешіммен келіспей отыр.
Кене ауруы болса, малды сойған кезде қаны сап-сары болып ағады. Бұл малдың қаны қып-қызыл. Сондықтан басқа ауру ма деп отырмыз. Өткенде ветеринарлар келді. Сиырды ұстап, басын кесті. Температурасы бар екен деп кетті, - дейді «Жанмайлов Жеделбай» шаруа қожалығының жетекшісі Жеделбай Жанмайлов.
Шаруаның айтуынша, қожалық иелері қажет екпені салдырып, малды жергілікті ветеринар айтқан дәрімен емдеп жатыр. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Соған байланысты шаруалар малдың етін жеп, сүтін ішкен тұрғындар жаппай ауруға шалдыға ма деп алаңдап отыр. Одан кейін бұл ауру сау малға жұғып, жұт бола ма деп қорқады.
Қазірге дейін шаруалар мал өлексесін өздері өртеп, көміп жатыр. Алайда қорым айналасы қоршалмаған. Залалсыздандыру жұмыстары да жүргізілмеген.
30 күндік шектеу шаралары енгізіліп жатыр. Бүгін-ертең арнайы мамандар келіп, дезинфекция жұмыстарын жүргізеді, - дейді Ұлытау облысының ветеринария басқармасының басшысының міндетін атқарушы Әбусағит Әбдікер.
Оның сөзінше, мал дәрігерлері ауру белгілі болған күннен бастап жұмыс істеп жатыр. Алайда ауылда бар-жоғы 3 маман бар, олардың шаруашылықты толық қамтуға қауқары жетер-жетпесі белгісіз.
Қазірге дейін ауру белгілері байқалған 64 бас ірі қара арам өлген. Енді салмақ мал иесіне түсіп отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ветеринарлар қойған ринотраxеит те, тейлериоз да ешқандай өтемақы төленбейтін аурулар санатына жатады.
Әйгерім ХАМИТ, Ұлытау облысы