Қызылорда облысында 63 мың гектар жер бос жатыр

Динара Амантай

Қазір пайдаланусыз жатқан 160 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

Фото: Halyq Uni

Биыл Қызылорда облысында 63 мың гектар бос жатқан жер анықталды. Бұл туралы Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, мұндай алқаптар мемлекет меншігіне қайтарылады. Қазірдің өзінде пайдаланусыз жатқан 160 жер учаскесіне осындай жұмыстар жүргізілді. Олардың жалпы аумағы 45 мың гектарға жуық. Мұндай іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады.

Айта кетерлігі, өңірде елді мекендерге жақын аумақта жайылымдық жер тапшы. Мамандар мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер қайта айналымға енгізілетінін айтады.

Бұл бағытта электронды цифрлық геопортал жүйесі арқылы жұмыстар жүргізіледі. Нәтижесінде сол бойынша мемлекет меншігіне қайтару жүзеге асады. Облыста 5637 шаруа қожалыққа 2 мың 905 гектардан аса жер учаскесі табысталды, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде соңғы үш жылда миллиондаған гектар жайылымдық жер заңсыз берілгенін жаздық.