Ол келісім жасалса, жаудың қайтып күш жинап, шабуыл жасайтынын айтты
Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысты уақытша тоқтата тұруға келіспейтінін айтты.
Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Оның айтуынша, кең ауқымды соғысты тоқтата қою оның эскалацияға, яғни одан бетер күшейіп, ұзаққа созылып кетуіне апарып соқтырады.
Зеленский өзінің ойын «The Wall Street Journal» газетіне берген сұхбатында білдірген. Ресей Федерациясымен арадағы жанжалды тоқтатып қою оған үзіліс берілгенін білдіреді. Ал бұл үзіліс Ресейге үзіліс алып, демалуға мүмкіндік береді.
Біздің ел Ресейді «Украинаның екі облысын жұтып қойып отырған кашалотқа» теңеп отыр. Енді бізге осы жанжалды тоқтата қойыңдар дейсіңдер ме? Ресей осы кезде біраз демалып, күш жинап, екі-үш жылдан кейін қайта көтеріліп, біздің тағы екі-үш облысымызды басып алады, – деді ол.
Зеленскийдің айтуынша, осылайша жанжал шексіз жалғаса береді. Ал қазір майдандағы жағдай тіптен басқаша. Осы күндері Украина Батыс елдері беріп отырған дүркін отты реактивті жүйелерімен ара-салмақты күрт өзгертіп, жаудың бетін қайтаруға бұрылыс жасата бастады. Мұндай жағдайда соғысты тоқтата салу соның бәрінен айырылып қалып, кейін бәрін қайтадан бастатуға алып барады. Бұрын Ресей күнінен 12 мың артиллерия снарядын атқылап келсе, қазір 1-2 мыңнан асыра алмайды, ал Украина 6 мыңға дейін ата алады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ соғыстың бес айы артта қалған қазіргі шақта украиндардың Ресеймен келіссөз жүргізуге ниеттері болмай отырғанын айтты.