БҚО әкімі тапсырмасын орындамаған шенеуніктерді қызметтен босатпақ
Өңір басшысы тапсырманы 2,5 жыл бұрын берген
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі басшылар оның сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту жөніндегі тапсырмасын орындамай жатқанын айтты, деп хабарлайды Мой город.
Өкінішке қарай, мәдениет объектілерінің жұмысын сайт арқылы барынша ашық жүргізу жөніндегі тапсырмам орындалған жоқ. Бұл бағытқа бюджет қаражаты жұмсалды. Онда әлі адамдарға касса арқылы қызмет көрсетіліп жатыр. Қолма-қол есеп айырысу бар және қолма-қол ақшасыз жұмыс істеуге мүмкіндік болмаған жерде жемқорлық тәуекелі де болады. Дәл осындай тапсырманы 2,5 жыл бұрын мен Орал қаласының мәденит және демалыс саябағына бергемін, - деді аймақ басшысы аппарат кеңесінде.
Ғали Есқалиев қала тұрғындарынан саябақ жұмысына қатысты көп шағым түскенін атап өтті.
«Осыған байланысты тексеріс жібердім. Бұл деректер нақтыланды. Саябақтағы кәсіпкерлер қолма-қол ақшаны пайдаланады, чек көрсетпейді, жабдықтардың сертификаттарын ұсынбайды, 14 жасқа дейінгі балаларды жұмысқа алады», - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы бұл салаға жауапты басшыларды қызметінен босату мәселесін қарастыруды тапсырды.
Орынбасарыма менің тапсырмаларымды орындамаған үшін БҚО мәдениет басқармасы басшысының лауазымына сәйкестігін, ал Орал әкіміне қалалық мәдениет және демалыс саябағы директорының атқарып отырған лауазымына сәйкестігін тексеруді тапсырамын. Олар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу бойынша жүйелі шешім қабылдамаған, - деді Ғали Есқалиев.
Сондай-ақ облыс әкімі өңірде туризм баяу дамып жатқанын атап өтті.