«Алакөл» кеден бекетінде 500-дей жүк көлігі кептеліп тұр (ВИДЕО)
Ресей және Беларусь көліктері басым
Жетісу облысының әкімдігі Facebook-тегі парақшасында «Алакөл» кеден бекетіндегі жүздеген жүк көлігінің кептелісіне қатысты түсініктеме берді.
«Ол үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Жақын арада электрондық кезек жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылған», – деп хабарлады әкімдіктен.
Ауыр жүк көліктерінің кептелісі Қытай бағытындағы көліктердің көптігіне байланысты пайда болған. Онда қазақстандық автокөліктермен қатар, Ресей және Беларусь көліктері басым. Әкімдіктің мәліметінше, осы уақытқа дейін шекарадан күніне 10-15 қана жүк көлігі өтсе, қазір бұл көрсеткіш бірнеше еселенген. Сондықтан кеден бекетіне қосымша мамандар жұмылдырылып отыр. Сәйкесінше, жұмыс уақыты да таңғы 8:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін ұзартылған.
Бұған дейін кеден бекеті таңғы 8:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейтін. Жұмыс уақытын қосымша 3 сағатқа создық. Құжат сканерлеуші және тексеруші мамандарды көбейттік. Жалпы саны 31 адам қызмет етіп жатыр. Дүйсенбіден бастап тағы 8 адам қосылады. Қазір шекарадан күніне 100 жүк көлігі өтеді. Әр көлікті тексеру уақытын да жылдамдатып жатырмыз, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Талғат Қозыбеков.
Кеден бекетінде қазір 500-дей көлік тұрғаны белгілі болды. Оларды мамандар алдағы 2-3 күнде тексеріп өткізеді. Ал кезек пен тәртіп мәселесін жергілікті әкімдік, полиция реттейді.
Кезекті реттеу үшін электронды жүйе қалыптасқанға дейін есепке алу және оңтайландыру жолдары қарастырылды, – деді Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов.
Жалпы, кеден органдарының талдауы бойынша, соңғы уақытта ауыр жүк көліктердің саны 50 пайызға ұлғайған. «Достық – Алашанькоу» бағытында көлік ағыны әлі де өседі деп күтіліп отыр. Сондай-ақ көлік өткізу әлеуетін арттыру бағытында кеден бекетін кеңейту жұмыстары қолға алынған.