Украинада 1000-нан астам Ресей әскері қоршауда қалды

Дастан Жұмабекұлы

Оларға «жасыл дәліз» берілмейді

фото: focus.ua

Украинада 1000-нан астам Ресей әскері қоршауда қалды.

Бұл туралы «УНИАН» порталы хабарлады.

Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович Марк Фейгиннің тікелей эфиріне берген сұхбатында Херсон облысындағы Высокополье ауданында Ресей әскерлері бірнеше тобының қоршауда қалғанын растады. Оның айтуынша, оккупанттарға ешқандай да «жасыл дәліз» берілмейді.

Біз Ольгиноның бір бөлігі мен Потемкиноның түгел қайтарып алдық. Бұл екі елді мекен Высокопольенің оң және сол жақтарына орналасқан. Онда Ресей әскерлері үшін Иловайскідегі ахуал қайталанып отыр. Жаудың шамамен мыңнан аса жауынгері техникаларымен бірге қоршауда тұр. Олар тактикалық жағынан қоршауға алынды. Оккупанттар шепті бұзып-жарып, сыртқа шығуға әрекет етіп еді, біздің жаудырған оқтан кейін артқа шегініп, қайтадан 3/4 бөлігі қоршауға кірді, енді бұдан шыға алатын бір ғана жолдары бар, – деді Арестович.

Кеңесшінің айтуынша, Ресей әскерлерінің Харьков облысында қыспақта қалуына өздерінің командованиесі кінәлі. Ол мұның бәріне «HIMARS» пен басқа да қазіргі заманғы озық қарулардың пайдасы көп тигенін де айтып отыр.

Одан әрі Арестович ресейліктердің «жасыл дәліз» беруді сұрағанын айтты.

«Жағдай тура Иловайскідегі сияқты болып қайталанды. Ресей командованиесі Иловайскіде алдын ала келісімді өрескел бұзып, тұтқиылдан басып кіріп, біздің әскерлерімізді атқылап еді. Сонда бізде олардың бәрін сол қазаншұңқырға атқылап, көміп тастауға біраз әуестік болған. Бірақ біз, біріншіден, ресейліктер сияқты арам емеспіз, берген сөзімізде тұрамыз. Бұл жерде тұйықтан шығудың ең дұрыс жолы – басқыншылардың өздерімен бірге қаруларын бізге тапсырулары, сол кезде ғана тірі қалады. Біз ешқандай да дәліз бермейміз. Егер жау берілмесе олар сол жерде жер жастанады», – деді Арестович.

Қазір Ресейдің үш тактикалық топтағы батальоны, соның ішінде спецназ пен танк роталары қоршауда.