Смайылов екі мекеме жұмысын сынға алды: денсаулық сақтау жүйесіне аудит жүргізіледі
Былтыр денсаулық сақтау саласына 2,3 трлн теңге жұмсалған
Премьер-министр Әлихан Смайылов денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Денсаулық сақтау министрлігіндегі және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы (ӘМСҚ) қаражаттың тиімділігін бақылауды үйлестіру және бағалау жүйесін сынға алды.
2021 жылы денсаулық сақтау саласына жұмсалған мемлекеттік шығыстар 2,3 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 2,9%-ын құрады. Бұл ретте денсаулық сақтауға арналған республикалық бюджет қаражатының 90%-ға жуығын ӘМСҚ әкімшілендіреді.
Премьер-министр ӘМСҚ-ның барлық көрсеткіштері тым жалпыланғанын және халықтың медициналық көмекке, сондай-ақ оларды қанағаттандыру үшін медициналық ұйымдарға деген нақты қажеттілігін айқын көрсетпейтінін атап өтті. Үкімет басшысы Қор қызметін бақылау мен қаражатты тиімді жұмсау индикаторларының нақты жүйесін әзірлеуді тапсырды.
«Бүгінде өңірлердегі медициналық қызметтердің 100%-ы Қордан қаржыландырылады, бұл халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жауапкершілігінің төмендеуіне алып келеді. Бұл, әсіресе, өткен жылдың соңында Алматы және Жаңаөзен қалаларында жедел медициналық көмек қызметін қаржыландыру және ұйымдастыру мәселелері туындаған кезде болды», - деп Ә. Смайылов, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруды кезең-кезеңімен жергілікті деңгейге бере бастауды тапсырды.
Үкімет басшысы ӘМСҚ мемлекеттік қаражатты әкімшілендіруді біртіндеп тоқтатып, сақтандыру медицинасын дамыту мәселелеріне және қаржыландырудың қосымша көздерін іздеуге баса көңіл бөлуі қажеттігін айтты.
Премьер-министр аз уақыт ішінде денсаулық сақтау инфрақұрылымына тәуелсіз кешенді техникалық аудит және түгендеу жүргізуді, оның ішінде жабдықтармен және медициналық-технологиялық жүйелермен жарақтандыруды, ана мен бала, онкология, травматология, кардио-, нейрохирургия, инфекциялық аурулар сияқты басым бағыттар бойынша өңірлердің медициналық инфрақұрылымын дамыту картасын әзірлеуді тапсырды.
Одан бөлек, Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне уәкілетті органдармен бірлесіп, аз уақыт ішінде саланы басқару, инвестициялық жоспарлау, қаржыландыру және бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.