Тоқаев Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланды
Тиісті ұсынысты Нұрсұлтан Назарбаев енгізді
Бүгін Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI Съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Нalyq Uni тілшісі.
«Nur Otan партиясына төрағалық ету – аса жауапты жұмыс. Осы міндетті атқаруды маған ұсынып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.
Бүгін елордада Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI Съезі жұмысын бастады. Оған еліміздің барлық өңірінен 389 делегат онлайн-форматта қатысып отыр. Съезге бейнеконференцбайланысы режимінде ел басшылығы, саяси кеңес мүшелері, аймақтық филиалдар өкілдері, депутаттар мен үкімет мүшелері қатысуда.
18 қаңтарда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, Nur Otan партиясының төрағалығына Қасым-Жомарт Тоқаев сайланатынын айтқан болатын.
Елбасы кеңесшісі - баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін Президентке тапсыру туралы шешімін түсіндірді.
Бұл шешім – билік транзитінің қисынды жалғасы ғана. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әсіресе қазіргі пандемиядан болып отырған жаһандық дағдарыс кезінде Nur Otan партиясы Қазақстан Президенті үшін басты тірек болуы керек. Жарғыға сәйкес, Nur Otan партиясының төрағасын сайлау мен оны лауазымынан босату партия съезінің ерекше құзыретіне жатады, - делінген Айдос Үкібайдың пікірінде.
2006 жылғы 4 шілдеде «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IX съезі өтіп, «Асар» партиясымен бірікті. Сол жылы 22 желтоқсанда «Отан» РСП-ның кезектен тыс Х съезінде Азаматтық және Аграрлық партиялардың қосылып, «Отан» РСП-ның атауы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы болып өзгерді. 2013 жылғы 18 қазанда «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс XV съезі өтіп, партия доктринасы қабылданды. Партия ребрендинг жасап, «Нұр Отан» ХДП атауын «Нұр Отан» партиясына ауыстырды.