Торғайда пирамида салынып жатыр
Оның құрылысына 37 млн теңге бөлінген
Қостанай облысының Аманкелді ауданында аумағы 7 гектар жерде туристік кешен салынып жатыр. Осы туристік орданың құрылысына облыстық және аудандық бюджеттен 37 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл сома кешеннің жанына автотұрақтар салып, Ахмет Байтұрсынов көшесінің асфальтын пирамидаға дейін салып және Торғай-Арқалық тас жолына жалғастырып, кешен маңайын абаттандырып, жарықтандыру мақсатында жұмсалатын болады.
«Amankeldy araiy» аудандық газетінің Syntas.kz порталының хабарлауынша, Осы пирамиданы салып жатқан меценат, жиһангез Сапар Ысқақовтың айтуынша, туристік кешен Аманкелді ауылының іргесінде, елдің орталығы мен батысын жалғайтын тас жолдың бойында салынып жатыр. Кешенде жалпы саны 12 нысан бой көтереді. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Олар әлемнің жеті кереметіне кіретін әрі тарихи маңызы зор нысандардың көшірме үлгісі ретінде салынады.
Пирамида Аманкелдінің іргесінде орналасқандықтан, Торғайға алыс-жақыннан келіп демалатындар өте көп. Сондықтан, туристерге қолайлы жағдай жасап, келушілер санының арта түсуіне көпатқарымды кешен көп септігін тигізеді деп ойлаймын, - деді Сапар Ысқақов.
Сондай-ақ ол туристік кешеннің жанына Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай Торғай өңірінен шыққан 12 белгілі тұлғаларға ескерткіш тақта қойуды жоспарлап отыр. Оның ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов та бар.
Бұған дейін меценат Торғай өңіріне шетелдік туристерді тарту мақсатында тік ұшақ арқылы Аманкелді ауданындағы Үштоғай шаршысы, Үрпек ауылдық округіне қарасты Ағаштыкөл геоглифін, Торғай свастикасын тікұшақ арқылы таспаға түсіріп, оның қартасын жасау мақсатында жұмыстар атқарды. Жалпы Торғай аймағында он шақты геоглиф бар.
Сонымен бірге Сапар Ысқақов мұнда шет елден келетін туристерді тарту үшін Сақтардың саунасы болатынын да айтқан болатын. Ол өз сөзінде «Сақтардың саунасы дүниежүзіндегі елдерде кездесе бермейді. Оның жанына біз киіз үй тігіп отырмыз. Кешен аумағында қызғалдақ үлгісіндегі мұражай, египеттегі пирамида, мая тайпаларынан қалған Чичен-Ица үлгісінде мемориал, су бұрқақтар мен бассейндер салынады. Сондай-ақ жапон, ағылшын және қазақ бағын өсіру жоспарланған,- деген еді.
Қостанай облысының әкімдігі осы жұмыстардың бәрін қолдап отыр.