Атырау облысы әкімдігі Абай ескерткішін тұрғызу үшін 145 млн теңге жұмсауды жоспарлаған
Соңғы уақыттары шенеуніктер арасында ескерткіштерден ақша жеп, жемқорлықтың батпағына бату әдетке айналғандай. Өткен жылдың күзінде Атырау облысының әкімінің орынбасары Бақытгүл Хәменова Атырауда орнатылуы тиіс Абай ескерткішіне бөлінген қаржыға қол салып, ұсталған еді, деп жазады Dalanews.kz.
Бұдан кейін Павлодар облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова Әлихан Бөкейханның бюстін дайындау және оны кедергісіз қабылдау туралы шарт жасасқаны үшін кәсіпкерден миллион теңге пара алып, темір тордың ар жағынан бірақ шыққан болатын.
Абай ескерткішінен Хәменова 4,5 млн теңге алып қалғаны жайындағы әңгіме қазір ақпарат құралдарында желдей есуде.
Хәменоваға қатысты сот ісі 12 шілдеде басталуы керек еді. Бірақ ол 3 тамызға шегерілді.
Келісім-шарт бойынша Атырау облыстық әкімдігі Абай ескерткішін салып жатқан компанияға 72,5 млн теңгесін, яғни, келісілген соманың жартысын төлеп қойған.
Жалпы Атырау облысы әкімдігі Абай ескерткішін тұрғызу үшін 145 млн теңге жұмсауды жоспарлаған.
Бір қызығы Абайдың дәл осындай әскерткішін тұрғызу үшін Павлодар облысы әкімдігі 55 млн теңге шығындапты. Керекудегі ақынның мүсіні – қоладан, тұғыры граниттен жасалған, биіктігі – 5,25 метр.
Ал Атыраудағы тұрғызылатын Абай ескерткіші алтыннан құйылмағаны анық. Атыраудағы ақынның ескерткіші тұғырымен қоса есептегенде биіктігі 11 метр болса, ескерткіштің ені 5 метр (Павлодардағы ескерткіш 25 см биік). Ескерткіш Павлодардағыдай қола мен гранит тастан тұрғызылған.
Бағаның ала-құла болуынан ескерткіш орнату ісінен жемқорлықтың иісі аңқитыны анық.