Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық
Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері ауыр отаны сәтті аяқтады. Бір жасар сәбидің басынан алты бірдей ісік шыққан.
Мерзімінен екі ай бұрын туған бала қазір бір жаста. Бұған дейін облыстық перинаталды орталықтың жансақтау бөлімінде жатқан. Артынан облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Дәрігерлер қауіпті диагнозды анықтады. Баланың миына қан құйылып кеткен. Ультрадыбыстық зерттеу кезінде диагноз расталды, деп жазады ATPress.
Осы уақытқа дейін балаға бірнеше ота жасалды. Жағдайы жақсарған. Бірақ миында алты ісік пайда болды, бәрін қосқанда көлемі жағынан алмамен бірдей болып қалды.
Мұндай жағдай еліміздің басқа қалаларында болған. Содан біз Атырауға балалар нейрохирургы Данияр Сәбденовті шақырдық. Операция бірнеше сағатқа созылды. Біз баланың миындағы ісіктердің бәрін алып тастадық. Қазір жағдайы қанағаттарлық, - дейді нейрохирург Шодер Әріпов.
Әріповтің өзі 2018 жылы Атырауға Тараз қаласынан ауысып келген. И.Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының түлегі травмотология саласын да жақсы меңгерген. Алайда нейрохирургияға қызығып кеткен. Бұған дейін Қарағандыда және Таразда жұмыс істеген.