Роман Склярдың інісі Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы болды
Бұған дейін өңірлік полиция департаментін Кәрім Мәсімовтің немере бауыры басқарды
Президент әкімшілігінің келісімімен және Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Павлодар облысының полиция департаментінің бастығы лауазымына Василий Скляр тағайындалды.
Василий Васильевич Скляр 1983 жылы дүниеге келген. 2006 жылы ҚР ІІМ Қарағанды заң институтын, 2012 жылы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының магистратурасын бітірді. Заңгер, құқық магистрі.
Түрлі лауазымдарда, соның ішінде Павлодар қаласының учаскелік полиция инспекторы, қылмыстарды ашу жөніндегі жедел уәкіл, аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл, Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2017 жылғы сәуірде Павлодар облысы Ақсу қаласының ІІБ басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Павлодар облысы ПД Екібастұз қаласының полиция басқармасын басқарды.
Ашық дереккөздерде Василий Склярдың премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың туған інісі екені айтылған.
Еске салайық, 17 қаңтарда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Нұрлан Мырзаханұлы Мәсімов Павлодар облысы ПД бастығы қызметінен босатылды. Нұрлан Мәсімов – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере бауыры.