Жамбыл облысында қайғылы жағдай болды
Ауыл адамдарының айтуынша, суға батып мерт болған азамат 61 жаста, ал немересі 7 жаста
Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, қайғылы жағдай Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылы маңында ағысы күшті Талас өзенінде болған.
«23 шілде күні сағат 17:30-да куәгерлер Жасөркен ауылы маңынан өтетін Талас өзенінен ер адамның денесін судан шығарып алған. Кейін мәлім болғанындай, қарт адам немересімен бірге рұқсат етілмеген жерде суға түскен. Сағат 17:50-де қызды іздеу жұмыстары басталды. Ол шамамен сағат 17:10-дар шамасында суға батып кеткен»,-деп хабарлады Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Сәуле Мұңатаева.
Іздеу жұмыстары 23 шілде күні түнге дейін алғасып, іздеу жұмыстарына 5 құтқарушы мен 1 техника жұмылдырылды.
«24 шілде күні таң ата іздеу жұмыстары қайта жанданады»,-деп нақтылады баспасөз қызметіндегілер.
Ауыл адамдарының айтуынша, суға батып мерт болған азамат 61 жаста, ал немересі 7 жаста. Қыздың ата-анасы өзге елде жұмыс іздеп кеткен.