Мылтық даусынан шошып далаға жүгіріп шыққан көршілер жараланған жігітті көрген...
Ақмола облысында 60 жастағы азамат «шайтан» болып елестеген көршісін атып тастады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ер адам мылтықпен есік алдына шыққанда оны ешкім байқамаған. Ал 38 жастағы көршісі жайбарақат көлігін қыздырып, жұмысына кеткелі жатыпты. Сол уақытта оқ атылды. Мылтық даусынан шошып далаға жүгіріп шыққан көршілер жараланған жігітті көрген. Оны Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізген.
Алайда ол жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Көршісін атып өлтірген қария сол сәтте көз алдына жын-шайтан елестегенін айтады. Сол себепті қылмысқа қалай барғанын білмейді. Енді оның ақыл-есінің дұрыстығы тексеріледі.
"Қазір 60 жастағы күдіктіден қару тәркіленді. Өзі тергеу абақтысына қамалған. Аңшы мылтығы заңды тіркеуде болған. Оқиға куәгерлері анықталды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, "кісі өлтіру" бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды", - дейді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчук.