16 жастағы Қымбат Яқсанова 2022 жылдың мамырында ауруханада қайтыс болды
Жамбыл облысында 2021 жылдың қазанында жасөспірімді көлік қағып кетті. Қыз 8 айдан кейін ауруханада қайтыс болды. Қайғылы оқиға Қордай ауданы Степной ауылында болған. Сол оқиғадан бері арада 9 ай өтсе де, қыздың өліміне кінәлі азамат қамауға алынбаған. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне марқұмның ата-анасы айтты.
Олар 16-ға толған қызын қаққан жүргізуші әлі бостандықта жүргенін айтады. Ал полиция күдікті жүргізушіні тергеп, жібере салған.
Апат болған сәтте қыз жолдың арғы бетінде өтпек болған. Сол сәтте жоғары жылдамдықпен келген көлік оны қағып кетеді. Оқиғаның бәрі анасының көз алдында болған. Оның сөзінше, жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан қызды көлік 55 метрге ұшырып әкеткен. Салдарынан сау жері қалмаған Қымбат Яқсанова 8 айдан кейін көз жұмды.
Бұл сұмдық оқиға көз алдымда болды. Арнайы жолақтан өтіп келе жатқан қызымды жоғары жылдамдықпен жүріп келе жатқан көлік қағып кетті. Көліктің соққысы ауыр болғаны сонша қызымның басы жұлынып кете жаздады. Мойын омыртқасы жарақаттанған. Басы тура ортасынан қақ айырылған. Иығы да жарақаттанған. Белі сынып кеткен. Аяғы екіге бөлініп кеткен. Қызым бірден комаға түсті. Дәрігерлер де көмектесе алмады, - дейді марқұмның анасы Нигар Шалқарбай.
Марқұмның әкесі күдікті олардан кешірім сұрауға келмегенін айтты. Оның сөзінше, ол тергеу басталғанда ғана төбе көрсеткен. Енді қайғыдан қан жұтқан отбасыға кінәлі азаматтың бостандықта жүргені соққы болып отыр.
Қызымды қаққан сәті бейнебақылауға түсіп қалған. Сол дәлелді алып, Қордай ауданының полициясына бардық. Олар түрлі сылтау айтып, істі жауып тастады. Қаққан адам көмек те көрсетпеді, табалдырығымызды да аттамады. Қызымды өлтірген адам такси болып, рахат өмір сүріп жүр, естисіздер ме? Ал менің қызым өліп кетті. Оның жоғары жақта танысы бар екен, бәрін ақша беріп, реттеп отырыпты. Қазір бәрі «заң, заң» дейді, бірақ қазір кімде ақша бар заң соның қолында екен. Біз сияқтылар жылап қала береді, - дейді марқұмның әкесі Өтемұрат Мұханов.
Ол сондай-ақ полицияның не себепті шындықты ашпайтынын түсінбей отыр.
Қордай полициясы бұл істі жарты жолда тоқтатқан. Оны облыстық полиция департаменті де жоққа шығармады. Істің жылы жабылуына жыл басында күдіктінің рақымшылыққа ілінуі себеп болған.
Қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы, 1-бөлігі, 3-тармағына (іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар) сәйкес тоқтатылды. Оған қылмыстың онша ауыр емес санатына жататыны себеп болды, - деді Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Айта кетейік, 16 жастағы Қымбат Яқсанова 2022 жылдың мамырында қайтыс болды. Марқұмның ата-анасы полицияға арыз жазып, істі қайта аштырды. Содан кейін тиісті сараптама тағайындалды, алайда екі ай бұрын жасалған сараптаманың қорытындысы әлі шықпаған. Бұл жағдай ата-анасының күдігін одан сайын күшейтіп отыр. Әділдік іздеген Мұхановтар отбасы Бас прокуратураға дейін баруға дайын.