Елордада карантин талабы күшейеді: бас санитар дәрігер қаулыға қол қойды

Дәурен Ерболат

Ол ертеңнен бастап күшіне енеді

Фото: aa.com.tr

Нұр-Сұлтан коронавирустың таралуы бойынша «сары» аймаққа кіргеннен кейін елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова карантин шектеулерін қатаңдату туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Қаулыда төмендегідей шектеу шаралары ұсынылған:

  • Жұрт жиылған орындарда (автовокзалдар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар, концерт залдары, театрлар, кинотеатрлар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, банктер, стадиондар және басқа да спорт нысандары), ұйымдасқан ұжымдарда және қалалық қоғамдық көлікте бетперде тағу;
  • Бес жасқа дейінгі балаларға және тамақтану кезінде маска қажет емес;
  • Қатысушылар саны 10 адамнан асатын жиындарды (отырыстар) қашықтан өткізу форматына ауыстыру;
  • Жүкті әйелдерді, денсаулығына байланысты вакцина салдыра алмайтын қызметкерлерді және коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған адамдарды (міндеттерін қашықтан орындай алмайтын қызметкерлерді қоспағанда) қашықтан жұмыс істеу форматына көшіру;
  • Білім беру ұйымдарында топтар мен сыныптарды біріктіріп іс-шаралар өткізуді болдырмау (шараларды топтарда өткізуге рұқсат етілген);
  • Тұрғындар арасында коронавирусқа қарсы уақтылы вакцинация және ревакцинация бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  • Жұрт жиылған объектілерде, оның ішінде қоғамдық көлікте дезинфекциялау шараларын жүргізу, желдету және ауаны баптау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен желдету режимін сақтау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына халық арасында коронавирусқа қарсы вакциналау мен ревакцинацияны жандандыру тапсырылды.

Қаулы биыл 23 шілдеден бастап күшіне енеді.