Украина халқы тағы бір сорақы жайтқа тап болды

Халық үні

Білім бұлағының бастауы болуға, қараңғылық пен надандыққа нұр шашуға тиіс ұстаздар бұл тірлігін волонтерлықпен ақтайды

фото: qordon.ua

Украина халқы адамдарын қанға бөккен бомбалаудан басқа, рухын жаншып, еңсесін езген тағы бір сорақы жайтқа тап болды. Би-Би-Си өз жаңалықтарында ресейлік әскердің оккупацияланған аймақтарда мектептер мен қоғамдық кітапханаларға басып кіріп, "украиндерді ұлтшылдыққа тәрбиелеген" кітаптарды тәркілеп, өртеп, жоя бастағанын көрсеткен. Бұл қатарға Украинаның бүкіл тарихы мен әдебиетіне қатысты кітаптар мен оқулықтардың бәрі, тіпті ертегілер де жатқызылған. 

Оның орнына Ресейден мұқият цензуралық електен өткізіліп, қайта басылған, Украина заңды мұрагері саналатын Киев Русінің болғанын жоққа шығаратын оқулықтар әкелінгені туралы хабар тарады.

2022 жылғы 15 маусымда РФ Оқу-ағарту министрі Сергей Кравцов тартып алынған украиналық Мелитополь қаласына жұмыс сапарымен барды. Сонда ол "украиналық балалар бұдан былай қос халықтың достығы мен бірлігіне құрылған тарихтың түзетілген нұсқасымен оқытылатынын" жариялады: "Басты міндет – Украина халқына, оқушыларға бауырлас халықтарымыз туралы барлық шындықты айту, оларды ортақ жетістіктеріміз бен жеңістеріміз рухында тәрбиелеу. Өйткені Ресей бұл өңірлерге мәңгілікке келді", – деді ол ресейлік журналистерге сұхбатында.

Осыдан кейін Украинаның басып алынған территорияларына Ресейден жаңа оқулықтар жеткізіле бастады. Украиналық сарапшылар ол оқулықтар: "Украина ешқашан нағыз мемлекет болмаған" деген Путиннің идеологиясына құрылғанына назар аудартты.

Нәтижесінде, басқыншылардың қол астында қалған қалалар мен деревняларда жергілікті педагогтердің көбі мұндай псевдооқулықтармен бала оқытудан бас тартқан көрінеді.

Кремль бұл тұйықтан шығар жол тапты. Мұғалімдер Ресейдің өзінен аттандырылады. Ұстаздар тапшы ТМД-дағы өзге елдерден айырмашылығы сол, солтүстік көршіде жұмыс таба алмай, сандалған педагогтердің саны көп. Өйткені Росстаттың дерегінше, Ресейде мектептер қарқынды түрде азайып жатыр. Жылына 2 мыңнан аса (!) мектеп жабылған.

Статорганның түсіндіруінше, олардың арасында білім беру саласындағы реформа аясында басқа мектеппен біріккендері де бар. Дегенмен көбісінің есігіне қара құлып ілінді. Есеп палатасының аудит-тексерісі көрсеткендей, 2001 жылдан бері РФ село-деревняларындағы мектептер саны бірден екі есеге – 46 мыңнан 24 мыңға дейін, қалалық мектептер саны – төрттен бірге немесе 23 мыңнан 18 мыңға дейін кеміген.

Ресейлік ақпарат құралдары өңірлерде білім саласындағы "оңтайландыру-оптимизация" науқаны биыл жаңа қарқынмен жалғасқанын хабарлады.

Осыған қарамастан, мұғалімдер соғыс жүріп жатқан Украинаға барудан аяқ тартып келген. Оларды ынталандырып, қызығушылығын туғызу үшін Мәскеу көршісінің өзі басып алған аумақтарына баратын педагогтерге ғаламат сыйақылар ұсына бастады. Бұл туралы The Washington Post жазып отыр.

Басылымның ресейлік, еуропалық сарапшыларының мәліметінше, Мәскеу мұғалімдерді Украинаның өз қоластына көшкен өңірлеріне барып, сондағы украин балаларға Украина тарихын, мәдениеті мен әдебиетін ресейлік көзқарас пен ұстаным тұрғысынан оқытуға белсенді шақыруда. Мысалы, Чувашиядағы ұстаздардың орташа жалақысы шамамен 550 долларды құрайды (260 мың теңгедей). Ал оларға директорлар чат-топтар арқылы ай сайын 2 900 доллардан астам табыс табуды ұсынып отыр.

"Шұғыл түрде Запорожье және Херсон облыстарына мұғалімдер керек. Жалақы сыртында тәулігіне 8 600 рубль үстемеақы төленеді. Міндеті – мектептерді жаңа оқу жылына дайындау. Бару және оралу үшін тегін көлік ұсынылады. Тұратын орын және тамақтандыру – пысықталып жатыр", – делінген хабарламада.

Бірақ бұл сапардың "барсакелмес" екені жасырылады. Жергілікті партизандар басқыншы билікке жұмыс істейтіндерге қастандық ұйымдастырып, өлтіріп тастауда. Ал америкалық басылым сарапшыларының мәліметінше, әлемдік ақпарат айдынынан қатаң оқшауланған және тек пропаганданы тыңдайтын Ресей жұртшылығы мұны білмейді. Осыны "уағыздаушылар" да пайдаланады екен.

"Құрметті мұғалімдер, әріптестеріңізге көмектесуді қалайтындар бар ма? Бұл өңірлер қауіпсіз", – делінген хабарламалардың бірінде. Мұндай хаттарды The Washington Post-қа РФ-дағы тәуелсіз ұйым – Ресей Мұғалімдер альянсы табыстапты.

Бұл ретте педагогтердің бір бөлігін қомақты табыс қызықтырған. Егер тәулігіне 8 600 рубльден төлесе, айына 258 мың рубль шығады және бұл тек үстемеақысы ғана. Бірақ Альянс өкілдері анонимді түрде ұстаздар қауымын сол жақта қаза тапса, бір копейка да тимейтінін ескерткен.

Қазіргі кезде шамамен 250 мұғалім келісіпті. Мысалы, Дағыстан републикасының Білім министрлігі 57 педагогтен тұратын тізімді жариялаған. Шу туған соң, артынша жоя қойыпты. Дағыстандық мұғалімдер мойындалмаған ЛХР/ДХР сыртында, Запорожье, Херсон облыстарына жолданбақ.  

"Мәскеу Украинаның оккупацияланған өңірлерінде орыстандыру саясатын қарқынды жүргізеді. Бұл саясат, өкінішке қарай, украиналықтарды тарихи санадан, ұлттық түп-тамырдан, тіпті тілден айыруға бағытталған. Бұл жерде басып алынған территориялардың жас ұрпағын тәрбиелеу – басты стратегия болып табылады. РФ Білім беру министрі Сергей Кравцов "украиналық білім беруді түзетуіміз керек" деп ашық мәлімдеді. Бірақ Кремльдің күш-жігері мектептер аясымен шектелмейді. Ол өз бақылауындағы аудандарда украиналық ұялы байланыс желісін және украиналық БАҚ-ты бұғаттап тастады. Оның орнына ресейлік мемлекеттік пропаганда өрістеп, "ұлтсыздандыру-денацификация" жүргізілуде. Барлық жерден украина тілінде жазылған маңдайшалар, ірі жазулар жойылып, орнын орысша жазулар басты. Гуманитарлық көмек алғысы келген жергілікті тұрғындар РФ паспортын алуға мәжбүрленуде. Кремль және пропаганда орыс тілін Украинаның ресми тілі ету идеясын ілгерілетті", – деп жазады The Washington Post.

Бұдан бөлек, Мариуполь, Херсон, Мелитополь және басқа украиналық қалаларда Ресей төл АХАЖ-дарын ашты. Бала туған украиналықтар сәбилерін енді тек "ресей заңнамасына сәйкес тіркеп", балаларына ресейлік құжаттарды ғана ала алады. Бұған ынта-ықыласын ояту үшін РФ құжаттары рәсімделген балаға жәрдемақы төлеу уәде етілген.

Ақпарат құралдары Ижевск қаласының тұрғыны Георгий Григорьевтен сұхбат алды. Оңтайландыруға іліккен ол біраз уақыт екі қолға бір күрек таба алмай жүріпті. Украинада басына қауіп төнуінен қорықпайды.

"Жоғалтатын ештеңе қалмады. Әйеліммен ажырасып кеттім. Балаларым ересек, әрқайсысы өз бетімен бытырады. Украинада қалатын шығармын. Әзірге кем дегенде бір жылға барамын. Орыс тілі және әдебиеті мұғалімімін. Сондай-ақ химия және биологиядан сабақ бере аламын. Онда бос баспана көп деседі. Қалағанымды сатып аламын. Өте жоғары жалақы, пәтер уәде етті. "Ендеше неге бармасқа?" деп ойладым", – дейді Георгий.

Астрахан облысынан тіркелген мұғалім анонимділігін сақтай отырып, журналистерге Украинаға волонтер есебінде бара жатқанын жеткізді.

"Мен қоғамға пайдамды тигізгім келеді. Украина халқы үлкен азап шекті, тауқымет тартты. Ол аймақтардағы тұрғындардың өмірі өте ауыр. Өз еркіммен барып, мұғалім ретінде сол адамдарға, балаларына көмектескім келеді", – деп бөскен.

Сонымен бірге ол жалақы, үстемеақыдан бас тартпайтын көрінеді. Волонтер болса, ақысыз жұмыс жасауы шарт.

Жалпы Украинаға ресейлік мұғалімдерді жолдаудың Мәскеу үшін қандай пайдасы, қайтарымы бар?

Ресейлік жас оппозиционер Екатерина Воропайдың түсіндіруінше, бұдан Кремльдің ұтатын тұсы көп.

"Біріншіден, пропаганда үшін жақсы көрініс-картинка жасалады. Күні кеше ғана соғыс жүріп өткен өңірлер бейбіт өмірге тез оралды, мектептерде сабақ басталды, оны жүргізуге ресейлік мамандар көмектесуде деу үшін керек. Екіншіден, оккупацияланған аумақтарда Мәскеу Украина тарихының өзі дұрыс деп есептейтін нұсқасын енгізеді. Яғни ол территорияларға Кеңес Одағы оралады. Үшіншіден, осы идеологиямен тәрбиеленген жас ұрпақ Мәскеудің, кремльдік саясаттың сол жердегі басты тірегіне, мықты ұстынына айналады деп күтілуде. Төртіншіден, жасыратыны жоқ, Кремль осы арқылы сол жерлерді орыстандыру саясатын жүргізуде. Қазір Ресейден аттанып жатқан мыңдаған мұғалім сол жақта қалады. Өйткені оларға Украинада ең жақсы жағдайлар туғызылады", – деді Екатерина Воропай.

Оның байламынша, осының бәрі Мәскеудің Украина облыстарын қайтаруға ниеті жоқтығын, керісінше, оларды РФ құрамына қосудың іргетасын қалап жатқанын байқатады. Әзірге ол аумақтардың Ресейге қосылуына қатысты референдум қыркүйекке жоспарланып отыр. Соған дейін-ақ Кремль украиналық облыстарға тамыр жаюды бастап кетті.

Дереккөз: inbusiness.kz